Ақтөбеде жыр керуені басталды. Жас жыршылар бір тәулік бойы батырлар дастанын жырлайды.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Күміс көмей жыршылар сахна төріне екі сағат бұрын шықты. «Ер Едіге» жыр мектебінің жас өнерпаздары «Қырымның қырық батыры» эпосын орындап жатыр. Бұл шығарманың ел есінде қалып, қағаз бетіне түскен 36 дастаны бар. Бүгінгі сайыста өнер көрсететін жыршылар барлығын орындап шығуы тиіс.
Бақыт Арыстанғалиева, жыршы:
- Менің орындайтыным – алты терме. Ол өз алдына бөлек бір блокта. Одан кейін «Парпария» дастаны толық жарты сағат. Одан кейін «Қыз Жібек» дастанынан үзінді ол да жарты сағат. Бұл репертуар бізде бұрыннан бар. Осы концерт енді ауқымды жоба болғаннан кейін бұл концерт үшін одан әрі дайындықты күшейттік. Мұндай концерт тарихта бірінші рет болып тұр. 24 сағат бойы 40 бала жырлау әрине, өте үлкен қомақты жобалардың бірі. Сәтті өтсін деп тілейміз.
Таңды таңға ұрып жырлайтын кешегі Сүйінбай мен Бұқар, Шернияз жыраулардың ізбасарларын Ақтөбеде «Ер Едіге» мектебі баулып келеді. Соңғы жүз жылда ұмыт болған жыр керуенін де ұйымдастырып, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұлттық дәстүрдің тынысын қайта ашып жатқан да солар.
Әділбек Сарин, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі:
- Концерт залы әп сәтте толды. Көрермен ұлы даланың тарихын, батырдың болмысын жырлайтын халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасына сусап қалған. Жас жыршылар керуені ертең түскі 12:00-ге дейін жалғасады. Орындаушылар 3 сағат сайын алмасып, бір-бірінен іліп әкетуі тиіс. Тәулік бойы жырлау жобасын әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде тіркеу жоспарланып отыр.
Тегтер #Ақтөбе #жыршылар #Таңдаулы #сайысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz