Талдықорғанда жаңа қабылданған Конституцияға байланысты «Ата Заңым – айбыным» атты мурал ашылды. Монументалды кескіндемені салуға «Жетісу жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйытқы болды.
Жастар көркем туынды арқылы Конституцияның маңыздылын көрсетіп, Ата Заңға деген көпшіліктің құрметін арттыруды мақсат еткен.
Ата Заңымыз бейнеленген алып суреттің эскизі жасанды интеллектімен жасалған. «Кескіндеменің тағылымдық әрі тәрбиелік мәніне ерекше назар аудардық», - дейді идея авторы.
Ақерке Қызайбай, идея авторы:
- Ата мен баланың бейнесі ұрпақтардың бір-біріне деген сабақтастығы және кіші буынның аға буыннан үйренері көп екенін білдіреді. Сонымен қатар күннің және алып қыранның бейнесі бейнеленген. Бұл біздің еліміздің егемендігін және бейбітшілігін білдіріп тұр.
Композициялық туынды Болашақ ықшам ауданындағы бесқабатты үйдің қабырғасына бейнеленді. Үш күнде салынған мурал қала ажарын аша түскен.
Гүлжан Жеңсікбаева, қала тұрғыны:
- Өте ұнады, өте жақсы. Күніне 4-5 рет өтемін. Көңілімнен шықты. Біз сияқты апалар немерелеріне түсіндіреді. Балалардың есінде қалады. Бәрі біліп жүреді.
Конституция – мемлекетіміздің мызғымас алтын қазығы. «Халықтың қолдауымен қабылданған құжат ел дамуына ықпал ететін ауқымды реформаның бастамасы», - дейді ақсақалдар.
Ермек Келемсейіт, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Ата Заң – негізгі заңымыз. Бұл Ата Заңның өміршеңдігін айтайын. Бұдан кейін конституциялық заңдар болады. Құрылтай құрылып жатыр. Халық кеңесі құрылып жатыр. Соның барлығына осы Ата Заң қызмет жасайтын болады.
Жетісу облысында жыл соңына дейін тағы 9 мурал салу жоспарланып отыр. Көркем туындылар «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» тақырыбын және ұлттық құндылықтар мен ел бірлігін насихаттауға арналады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #Талдықорған #конституция #Ата ЗаңPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz