Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйымдардың және Қазақстанда аккредиттелген шетелдік серіктес құрылымдардың өкілдері қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған мерекелік кеш Президент бастамасымен 2024 жылы бекітілген Наурызнама онкүндігі аясында өтті.
Дәстүрлі шарада қазақтың бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүріне, қазіргі қоғамдық дамуына ерекше назар аударылды. Қадірлі меймандарға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі жылы лебізін арнады. Биылғы Наурыз мерекесі ел үшін маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті. «Күні кеше өткен республикалық референдумда халқымыз жаңа Ата Заң үшін таңдау жасап, ел дамуының жаңа бағытын айқындады. Бұл – бірлігі бекем, болашағына сенімді қоғамының айқын көрінісі. Уақыт талабына сай жасалған бұл тарихи қадам мемлекеттік жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашады», - деді Аида Балаева.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев та жүрекжарды лебізін білдірді. Ұлттарды біріктіретін, арадағы байланысты нығайтатын мұндай шараның маңызын зор деп атап өтті. Айтуынша, жаңаруды, келісімді және жасампаздықты бейнелейтін мереке – халықаралық ынтымақтастық пен диалогтың негізінде жатқан ортақ құндылықтардың жарқын көрінісі.
Дипломаттар үшін арнайы жәрмеңке алаңы да ұйымдастырылды. Мәні мен маңызы ерек басқосу табиғат жаңарып, молшылық артатын, Ұлыстың ұлы күнінің мағынасын терең түсіндіріп бергендей. Келген қонақтар арқан тартыс, асық ату және басқа да ұлттық ойындарға қатысып, қазақ мәдениетін жақынырақ тани түсті. Артынша мерекелік бағдарлама алтын қордағы әуезді әндердің шырқалуымен жалғасты. Кеште киіз үй құру әдісі көрсетіліп, қазақтың ұлттық биін үйрететін шеберлік сабақтар өткізілді. Шат-шадыман көңіл күйде отырған қонақтарға ұлттық тағам ұсынылды. Қазақ асханасының дәстүрлі асынан дәм татып, артынша әдет-ғұрып, салт дәстүрдің көріністерін тамашалады.
Даце Рутка, Латвия Республикасының елшісі:
- Мені қатты таңқалдырғаны – өнерпаздардың өнері. Жанды дауыста шырқалғаны әдемі әннің өзі бізге ерекше әсер қалдырды. Әр бұрышта қазақы мәдениетті тануға болады. Қолдан жасалған бұйымдардың көрмесін де аралап көрдік. Қазақстанның керемет қонақжайлығына көзіміз жетті. Мәдениет мен дәстүрінің маңызын ұғынғандаймыз.
Мыңжылдық тарихы бар түркі халықтарына ортақ мерекенің тамыры терең, тағылымы зор. Мәні ерекше шараға шетелдік дипломаттардың қатысуы да тегін емес. Қазіргідей жаһаннан тыныштық кеткен заманда жайма шуақ байланысты нығайту маңызды. Мұны осында отырған әр елдің елшілері жақсы түсінеді. Біздің елмен бірлесе атқарар ауқымды істері де аз емес. Жалпы «Наурыз балына» Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен 70-тен астам елші мен өкілдік басшысы, дипломат және халықаралық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Досбол Байділдин
Тегтер #Астана #дипломаттар #Наурыз балыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz