Арқаға енді қараторғай ұшып келсе, күн жылып, қар кетеді. Осы бір кішкентай құсты қарағандылықтар көктем сайын күтеді. Биыл қараторғайлар ерте оралады деген болжам бар.
Осы себепті арқа жұрты саябақтар мен аулаларға ағаштан ұя жасап, орнатып жатыр. «Құстарды қарсы алайық!» деп ұран да тастады экология белсенділері.
Ал қараторғай Арқаға осы аптаның соңына дейін келуге тиіс. Сол себепті қарағандалықтар ұя санын ұлғайта түспек. Жалпы құс ұясын қалай жасау керек? Қандай ағаштан жасаған дұрыс?
Құстарға қамқорлық акциясының бастамашысы, экобелсенді - Сәкен Келдібаев. Ол мектеп шеберханалары үшін арнайы тақтайлар сатып алған. Балалар онымен ұяларды жасайды. Тақтайлар міндетті түрде таза, өңделмеген ағаштан болуы керек. Себебі құстар бөтен иістерге өте сезімтал, сондықтан боялған немесе ескі материал жарамайды. Оқушылар көркем еңбек сабағында ұя жасаудың осындай қыр-сырын меңгереді.
Айдын Сейфуллин, оқушы:
- Көркем еңбек сабағында аулаға шығып, құстарға ұя жасаймыз. Кейде саябаққа шығып, құстарға жем шашамыз. Олар жаздың күні жұмыртқа шығарып, балапанды өсіруі қажет. Сол себепті біз оларға ұя жасаймыз.
№16 мектептің оқушыларымен бірге Сәкен Келдібаев құстарға қамқорлық акциясын нағыз қызықты іске айналдырған. Олар жасаған ұяларын мектеп ауласына, қаладағы саябақтарға іліп жүр. Оның да өз әдісі бар. Ұялар кемі 4 метр биіктікке, ағаштың ық жағына орнатылуы тиіс. Ал ескісінің ішін тазалап қояды. Көктемде мұндай жұмыс ерекше маңызды.
Абзал Мүсенов, Көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Бұл енді мақсатымыз - бір жағынан оқушыларды еңбекке баулу. Екінші жағынан - қаламыздың экологиясына сәл де болса көңіл бөлу. Жалпы балаларға тәрбие, құстарға қамқорлық, табиғатты аялауға тәрбиелеу.
Өлкеге жақын арада қараторғайлар да келеді. Олар тобымен таң ата ұшып шығып, сағатына 60-80 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Ал күн райы құбылып тұрса, тоқтап, жағдайдың жақсарғанын күтеді. «Қазір бұл жаққа Өзбекстаннан, сонау Таяу Шығыстан бет алған қараторғайлар ұшып келе жатыр», - дейді табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев. Құстар легінің алды қазір елдің Оңтүстік аймақтарына жеткен.
Сәкен Келдібаев, экобелсенді:
- Әуелі еркегі келеді. Ол келіп, құс ұясын табады. Шаңырақ дегендей, содан кейін аналығы келеді. Аталығы төбесінде күзетте тұрады, аналығы құс ұясын жасайды. Сосын 5-6 ақсұр жұмыртқа салады. Бір ерекшелігі қараторғайдың жұмыртқасын екеуі кезек басады.
Құстардың қауіпсіз ұя салып, балапан басып шығуына жағдай жасау үшін ұя жәшіктерін сәуір айының ортасына дейін орнатқан дұрыс. Қазақстан аумағында шамамен 500-ге жуық жыл құстары мекендейді. Олар табиғаттың сәні ғана емес, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Құстар зиянды жәндіктерді жеп, табиғатты тазартып, даланың табиғи санитарлары қызметін атқарады. Солардың бірі – қараторғай.
Сәкен Келдібаев, экобелсенді:
- Өте сезімтал құс. Олардың салмағы 75-ақ грамм, бірақ оның пайдасы өте зор. Біздің түрлі егіндегі, бау-бақшадағы құрт-құмырсқа, жәндіктерді жояды.
Құстардың ұшып келуімен ертеде жыл мезгілі, ауа райы болжанып отырған. Қараторғайлар көктемде қар көбесі сөгілген кезде алғашқы болып оралатын құстардың бірі. Қараторғай келсе, күн жылиды.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #қараторғай #ұя #ағаш #құс #экология белсенділері #Қарағанды облысы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz