RU
Толық нұсқаға өту

ДДСҰ: 14,3 млн бала мүлде екпе салдырмаған

17.03.2026, 08:25 51

Жаһандық медицина жұқпалы ауруларға қарсы уақытылы екпе салдыру арқылы 2000 мен 2019 жылдары аралығында 37 млн баланың өмірін сақтап қалуға сеп болды.

Алайда кейінгі жылдары әлемде вакцина атаулыға сенбейтіндер көбейіп келеді. Сондай-ақ салаға бөлінетін жаһандық қаржы көлемінің қысқаруы да жығылғанға жұдырық болды. 

ДДСҰ-ның дерегі бойынша, 2024 жылы 14 млн 300 мың балаға мүлде екпе салынбады. Ал бұл серпін алған салаға салмақ түсіріп, қызылша, көк жөтел секілді жұқпалы аурулардың қайта өршуіне әкелді. 

Тедрос Адхан Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Халықаралық донорлардың қаржыландыруды азайтуы, екпенің қауіпсіздігі туралы жалған ақпараттың таралуы шынымен апатты салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әлем елдері вакцинацияның үгіт-насихат жұмыстарын мейлінше күшейту қажет. ДДҰ мәселені шешу үшін қосымша қаржы табуға күш салады.

Әлемде балалардың төрттен бірі тұрақсыздық пен қақтығыстан көз ашпай отырған 26 елде тұрады. Екпе мүлде салдырмаған 14 млн баланың жартысына жуығы осы мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. «Олар иммундау шарасынан тыс қалмау үшін вакцина егуді гуманитарлық бағдарламаларға қосу қажет», - дейді халықаралық ұйым басшылары.  

Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры:

- Халықаралық қаржыландырудың азаюы, медицина саласының осал тұстары, қақтығыстың көбеюі, жалған ақпараттың таралуы - жұқпалы ауруларға қарсы күресте осыған дейін жеткен нәтижеден айырылып қалуымызға әкелуі ықтимал. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда балаларды қорғау үшін қазірден әрекет етуіміз қажет.

Қаржы тапшылығына қарамастан салада жаңалық жетерлік. Әлемнің бірқатар елінде папиллома вирусы, менингит, полиомиелит секілді бірқатар дертке қарсы екпе егіле бастады. Бірақ дәрігерлердің айтуына қарағанда, кез келген жұқпалы ауруға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін вакцинация деңгейі кемі 95 пайыз болуы қажет. Халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, бұл жұмыстар лайықты атқарылмса, алдағы уақытта балалардың індеттен көз жұму қаупі 45 пайызға артады.

Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz