Бүгін алматылық мыңдаған жас домбырашы көктем мерекесін айшықтап, айналаны күйге бөледі.
Almaty Arena спорт сарайында 11 мың 500 оқушы бір сәтте күмбірлете күй тартып, ресми түрде Қазақстан рекордын жаңартты.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Наурыз – бірлік пен жаңарудың мерекесі. «Домбыра үні» флешмобы мерекенің маңызын еселей түскендей. Алматылық 11 мың 500 оқушы арнайы дайындалған музыкалық попурриді бір мезетте орындады. Бағдарламада ғасырлар тереңдігін қазіргі заман әуенімен тоғыстырған шығармалар бар.
Атап айтқанда, Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұрғиса Тілендиев шығармалары және Құрманғазы Сағырбайұлының әйгілі «Балбырауын» күйін әуелетті. Домбырашыларды ортада белгілі күйші Асылбек Еңсепов сүйемелдеді.
Сәкен Аралбаев, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Біздің қара домбырамыз ол төл мәдениетіміздің мәйегі, брендіміз деп айтуға болады. Бүгінгі іс-шараға дайындықты біз бірнеше ай бұрын бастап кеткен болатынбыз. Алматы қаласының барлық білім беру ұйымдарында шағын домбыра оркестрлері құрылып, бүгін біздің қазақи қара домбырамызды ұстап отыр.
Бұрын-соңды болмаған ауқымды шара қазақ мәдениетінің болашағы кемел екенін көрсетеді, дейді ұйымдастырушылар. Мерекенің ең қызықты сәті – рекордты ресми түрде тіркеу. Бастаманы Қазақстан рекордтар кітабы қолдады. Ұйым өкілдері орындаушылардың көптігін ресми түрде тіркеу үшін шараға арнайы қатысты.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
- Бұл деген біздің халқымыздың аспабын дәріптеген, салт-дәстүрін жоғары қойған жағдайын көріп отырмыз. Наурыз құтты болсын!
Флешмоб қорытындысы бойынша жас домбырашылар мен ұйымдастырушыларға Қазақстанның ұлттық рекорды туралы ресми сертификат салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, Қазақстандағы домбырада жаппай күй тарту бойынша рекорд 2025 жылдың 1 шілдесінде Талдықорған қаласында тіркелген.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Ол кезде 5 000 домбырашы бір мезетте күй орындап, ел рекордын орнатқан еді. Ал әлемдік рекорд 2010 жылы Шыңжаң қаласында тіркелген. Онда 10 450 адам бір мезетте «Кеңес» күйін орындаған. Енді міне алматылық оқушылар бұл межені жаңа биікке көтеріп отыр.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев
Тегтер #домбыра #Қазақстан #рекорд #24KZ #НаурызPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz