Елордалық колледж студенттері Шаңырақ күні жаңа шаңыраққа ие болды.
Бүгін бас қалада 938 орынға арналған Студенттер үйі қолданысқа берілді. Енді шаһардағы колледж студенттері жайлы, жылы ғимаратқа жайғасып, білім алады.
Мемлекет басшысы осыдан 3 жыл бұрын Үкіметке жатақхана тапшылығын жоюды жүктеген еді. Сәйкесінше сол уақыттан бері Астанада жоғары оқу орны студенттеріне арналған 7 мың орындық 20 жатақхана бой көтерді. Ал бүгін бұл тізім колледж студенттері үшін тұрғызылған тағы бір жаңа ғимаратпен толықты.
Қасымхан Сенғазиев, Астана қаласы білім басқармасының басшысы:
«Жалпы 938 орынға арналған жатақхана. Құрылысын біз осыдан 11 ай бұрын бастаған болатынбыз. Міне осыдан 1 ай бұрын құрылысы бітті. Қаламызда 34 колледж бар. Соның 50 пайыздан астамы осы оң жағалауда орналасқан. Сол колледждардың жақын орналасқан 5 колледждің студенттері осы жерде тұратын болады. Жалпы қалада осыған дейін тапшылық колледждарға бар болатын. Ол 1300 орын. Соның 938 орнын бүгін осы колледждің ашылуымен жауып отырмыз».
Студенттер үйінде білім алушыға бар жағдай жасалған. Жеке бөлмелерінен бөлек, кітапхана, ас бөлмесі, кофехана, тіпті би және тренажерлық залдарға дейін бар.
Айжан Жанат, сервис және туризм колледжінің 2-курс студенті:
«Маған бұл жердегі ең қатты ұнайтыны – ол кітапхана әрине. Кітапханада дәл мен оқитын кітаптардың барлығы бар. Алдыңғы тұрған хостелде бізде бір адамға бір ғана шкаф берілетін. Заттарды, киімдерді сыйдыру қиын болатын. Ал қазір «әр қыздың өзінің жеке шкафы бар және де жеке сөрелері бар. Бүкіл заттар сыяды ішіне».
Жатақханада әр бөлме 5 студентке шақталған. Ал мүмкіндігі шектеулі ерекше білім алушылар бөлмелерге екі-екіден жайғасады.
Назым Кенжебай, Самат Қазанбаев
Тегтер #елорда #колледж #студент #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz