Наурыз дәстүрді ғана емес, тың технологияларды да тоғыстырған думанды той.
Соның айқын көрінісі ретінде елордадағы сауда, ойын-сауық орталығында дрон-футбол өтті. Digital Nauryz аясындағы замануи турнирге Астана қаласының әкімдігі, «Астана Innovations» компаниясы және Қазақстанның дрон-футбол қауымдастығы мұрындық болған. Сайысқа түсушілер 12–17 жас аралығындағы оқушылар. Олар робототехника, STEM бағыттары және дрондарды басқару салаларында білім алып жүр. Осылайша болашақтың спортында 5 топ бақ сынасты. Доп орнына ұшқышсыз аппараттар қолданылады. Мақсат — дронды қарсыластың аспалы қақпасына дәл бағыттау. Ал ол оңай шаруа емес. Мұнда ептілікпен қоса инженерлік білім мен стратегиялық ойлау қабілеті де артық етпейді. Өйткені дронды ауада қалықтатып, жоғары жылдамдықпен айла-тәсіл жасау – шын шебердің қолынан келтін іс. Осылайша ұлттық мейрам цифрлық нұсқада жаңаша сипат алды. Сондай-ақ қонақтарға интерактивті бағдарлама ұсынылды. Наурызай мен Наурызбай атты AI-аватарлары мереке жайлы кең мәлімет берді. Робот болса келушілерді қарсы алып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дмитрий Иванов, Қазақстанның дрон-футбол қауымдастығының өкілі:
- Дрон-футбол квиддич ойынына қатты ұқсайды. Бірақ дәстүрлі футболмен астасып жатыр. Бізде 3 минуттан 3 тайм өтеді. Алаңға әр топтан 5 ойыншыдан шығады. Көк және қызылдар деп бөлінеді. Осылайша турнир барысы бойынша үздік топты анықтаймыз.
Тегтер #Астана #дрон футболы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz