Өскемен қаласын абаттандырудың 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілді.
Өңірлік бағдарлама аясында бюджет қаржысы есебінен ғимараттардың қасбеті жөндеуден өтеді. Саябақтар мен демалыс алаңдары заманауи кейіпке енеді. Құжатта сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше басымдық беріліп отыр. Жылу желілері, жолдар мен көпірлер кезең-кезеңімен қайта жаңарады.
Өскеменнің сол жағалауында көп қабатты 38 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта бұл аудан қаланың іскерлік орталығы болады. Ал оң жағалау тиісінше көне шаһардың тарихи бөлігі ретінде қала бермек. Мұндағы өткен ғасырдың 40-жылдары салынған тұрғын үйлер мен өзге де нысандар тарихи және мәдени мұраға айналмақ. Ол үшін ғимараттар бастапқы қалпын сақтай отыра қайта жаңғыртылады. Ол қаланы дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Осыған дейін жүзден астам көпқабатты үйдің қасбеті жөнделді. Сәулетшілер жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасады дейді.
Қымбат Абышева, тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қазіргі таңда 26-жылы 8 үйде осы қасбетті жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Үйлердің жөндеу жұмысы барысында архитектура бөлімінің дизайн-коды қарастырылған. Сол дизайн-кодтың аясында жұмыстар жүргізілетін болады қасбеттерде.
Жаңғырту кезінде әр шағын ауданда түрлі дизайн үлгісі болады. Қоғам белсендісі әрі жобалау ұйымының жетекшісі Роман Честных тұрғындар арасында «ескі қала» аталып кеткен ауданды толықтай жаңарту қажеттігін айтады. Мәселен, мынау жер телімі сатуға қойылған. Қазір қаңырап жатқанымен бұл алаңның да тарихы бар. Бұл жерде Өскемендегі ең алғашқы хоккей корты болған. Қазақстандағы кәсіби командалар арасындағы тұңғыш матч 1960 жылы осында өткен. Қоғам белсендісі сондықтан бұл жерге ретро үлгіде стадион салу қажеттігін айтады.
Роман Честных, қала тұрғыны:
- Бұл жерде ескі қала мен хоккейдің даму атмосферасын қалпына келтіру маңызды. Бас жоспар шеңберінде барлық тарихи орындарды, саябақтар мен гүлзарларды қалыпқа келтіру міндеті бар. Бұл туралы ел Президенті де бірнеше рет айтқан болатын.
Сәулетшілер мектебінің доценті Сергей Комлев қаланы безендіру және абаттандыру ісімен айналысатын «Сәулетшілер кеңесін» құру қажет дейді. Бұл туралы қалалық әкімдікке өтініш те жасаған.
Сергей Комлев, ШҚО техникалық университеті сәулет мектебінің доценті:
- Архитектуралық кеңес құрылса қала билігі мен тұрғындардың бастамаларын іске асыруға үлкен қолдау болар еді. Ал Қоғамдық кеңес сырттан бақылаушы ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл қаланы дамытуға бағытталған жұмыстардың табысты жүргізуге жақсы көмек.
Президент облыс әкімдеріне абаттандыру жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырған. Себебі жергілікті атқарушы билік өкілдері өздері басқаратын елді мекеннің тазалығы мен сәулетіне тікелей жауапты.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин
Тегтер #Өскемен #тұрғын үй #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz