RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандыда дрондар бауырсақ таратты

17.03.2026, 22:18 34

Қарағандының Орталық саябағында Наурызнама онкүндігі аясында дрондар тұрғындарға бауырсақ таратты.

Мереке Digital Наурыз -2026 атауымен өтіп, ұлттық дәстүр мен заманауи технологияларды ұштастырды. Он күн ішінде өңірде мыңнан астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бұл тұрғындарға ұлттық мәдениетті, жаңа форматта танып білуге мүмкіндік береді.

Биыл Қарағандыда Наурыз мерекесі шын мәнінде цифрлық сипат алды. Орталық саябақтың үстінде ұшып жүрген дрондар халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Олар серуендеп жүргендерге бауырсақ таратты. Әсіресе балалар үшін бұл үлкен қуаныш.  Көктен келген дәмнен ауыз тию көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

БЛИЦ

- Өзім күтпей қалдым, аяқастынан дронмен келіп бауырсақ беріп жатыр екен. Наурыздың алдында керемет көңіл-күй сыйлады. Сол үшін рахмет көптен-көп! Ақ мол болсын деймін.

- Осындай креативті шаралар көбірек болса деймін. Міне бүгін нағыз керемет шара өтті орталық саябақта. Мерекелік көңіл-күй осыдан-ақ сезіледі. 

Наурызнама күндері  білім беру мекемелерінде де аталып өтіліп жатыр.Әр шарада ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетіміз,өнеріміз кеңінен  насихатталады.  Мысалы, Қарағандыдағы  №16 мектепте «Бауырсақ-party» ұйымдастырылды. Оқушылар ата-аналарымен бірге бауырсақтың 30-дан астам түрін дайындаған. Қатысушылар ши бауырсақ, қызыл күрең домалақ  бауырсақ, шелпек және тәтті шай бауырсақтың  түр-түрінен дәм татты.

Адина Бейсембек, оқушы:

- Шелпек, бауырсақ, ши бауырсақ, өрмелі бауырсақ, шай бауырсағы. Соның бүкілін біз өзіміз пісіргенбіз. Анамызбен, өзіміздің қолымызбен пісірдік.

Жалпы Қарағанды облысында Наурызнама аясында мыңнан астам іс-шара өтеді. Көпшілік үшін  көрмелер, концерттер және интерактивті шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Мерекенің басты мақсаты- ұлттық салт-дәстүрді , мәдениетімізді заманауи технологиялар көмегімен барынша насихаттап, тұрғындар үшін жарқын әрі жайлы атмосфера қалыптастыру.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz