Алекс арнайы бағдарлама арқылы Қостанайға келіп, жергілікті балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Кіндік қаны тамған Отанына оралу оның кішкентай кезінен бергі арманы еді.
Ата жұртын аңсап келген қазақ баласы енді өзінің шыққан тегін анықтап, туған өлкесінің тарихын терең білуге құштар.
Алекс 2001 жылы Жезқазған қаласында туған. Бір жасында америкалық жұп асырап алып, Пенсильвания штатының Филадельфия қаласынан бір-ақ шыққан. Сол жақта оқып, білім алып, ержетті. Кішкентайынан жат елде өскендіктен бе, өн бойынан қазақылықты байқай қою қиын. Бірақ өзі «жаным да, қаным да қазақ» деп отыр. «Ес білгеннен туған жерге деген көңілім ерек. Сондықтан Fulbright бағдарламасы бойынша Қазақстанда білім беру ұсынысы түскенде қуана құп алдым», - дейді.
Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы:
- Қазақстан қатты ұнады! Қазақ халқының қонақжайлығы мен жомарттығына тәнті болдым. Мен өскен Америка жерінде қазақтар көп болған жоқ. Сондықтан өз елім жайында білетінім аз еді. Туған жерімді көріп, танып жатқаныма қуаныштымын.
Алекстің ағылшын тілін оқыту тәсілі балаларға да жаққандай. Қазір ол түрлі деңгейде тіл меңгерген 4 топқа сабақ береді. «Ойын, пікір алысу түріндегі оқу сабақтары қызықты өтеді», - дейді шәкірттері.
Аруна Алматова, оқушы:
- Алекс өте жақсы адам. Онымен өте сөйлескен өте қызықты. Біз көбінесе үстел ойындарын ойнаймыз. Бұл өте қызықты және де біз Алекспен бірге әртүрлі фильмдер қараймыз. Осы фильмдер арқылы біз ағылшын тілін үйренеміз.
Алекс қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүріне ерекше қызығушылық танытады. Ол қазақ тілін үйренуге де талпынып жүр. Жас жігіттің тағы бір арманы – Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу.
Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы:
- Орталық Азия ғылым саласында әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ағылшын тілінде дәйекті дерек табу қиын. Сондықтан болашақта мен бұны өзгерткім келеді.
Оқыту бағдарламасының шарты бойынша Алекс маусым айының аяғына таман Америкаға қайтуы тиіс. «Бірақ көп кешікпей Қазақстанға ораламын», - дейді.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #қазақ баласы #Америка #ағылшын тілі #ОтанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz