RU
Толық нұсқаға өту

Оралда ұлттық киім күніне орай сән көрсетілімі өтті

18.03.2026, 14:50 53

Оралда ұлттық киім күніне арналған «Ұлт рухы: тарих пен өрнек» атты театрландырылған мәдени шара өткізілді. 

«Жайық Арена» спорт кешеніндегі шара барысында әр дәуірдегі ұлт мәдениеті  көрсетіліп, еліміздің батыс облыстарынан келген дизайнерлер шоуы көптің назарына ұсынылды. Қолөнер шеберлерінің көрмесі де келушілерді бей-жай қалдырған жоқ.

Салынғанына жыл жарымдай уақыт болған «Жайық Арена» спорт кешені дәл бүгінгідей әдемі, бүгінгідей қазақы көрінбеген шығар ешқашан. Өйткені бүгінгі шараға келушілердің барлығы да ұлттық киім киген. Бұрын ұлттық киімдерде қазақтың қошқар мүйіз, түйетабан, қаз мойын, төртқұлақ секілді байырғы өрнектері ғана бейнеленсе, қазіргі киімдер шеберлердің талғам-қиялына байланысты жаңаша сипат алған, жетілген, өзгерген. Оны спорт кешенінің фойесіндегі қолөнер шеберлерінің көрмесінен де айқын аңғаруға болады. Бұл көрмеге Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шеберлері қатысуда.

Меңдібек Нұрғалиев, қолөнер шебері:

- Бұрынғы заманға қарағанда көбінесе қазір басқа. Көлікке отырамыз дегендей, сол себепті бүгінгі сұраныстар ұзын шапандар емес, қысқа пиджак сұранысқа ие. Және де әйел адам болатын болса, көбіне тақия киеді. Осындай заманауи өзгерістерге болып жатыр. Мен ойлаймын, бұл дұрыс трендтер, заманға сай өзгерістер. Бұрынғыдан не қалдырып жатырмыз? Ұлттық түстер, реңкі, ою-өрнектер, соларды кеңінен қарап қолданамыз.

Театрландырылған қойылым барысында сонау сақ дәуіріндегі Алтын адам мен Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданынан табылған Тақсай ханшайымы сахнаға шықты. Қазақ батырлары композициясы қойылды. «Көне кезеңнің өзінде қазақ мәдениеті жоғары дәрежеде болғанын жас ұрпаққа ұғындыру мақсатымыз», - дейді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ бүгін Алматы, Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларының дизайнерлері өз коллекциясын көпшілік назарына ұсынды.

Әсем Сырымова, БҚО дизайнерлер қауымдастығының төрағасы

- Ұлттық нақышта қазақы дәстүрімізді дәріптеу мақсатында киімдер арқылы тарихты сөйлететін боламыз. Қазіргі заманға сай жастар көбіне күнделікті киімге, заманауи киімге ұлттық нақышта элементтер қосып киеді. Сахналық киім екеуі екі бағыт, екі стиль. Әр адам талғамына байланысты тапсырыс  береді. Соған байланысты біздер де дайындаймыз.

Медет Мерғалиев, БҚО Халық шығармашылығы орталығы директоры:

- Біздің ұлттық киімдеріміздің өзі жалпы тарихы терең, әр адамның бойына жылу да беретін, сән де беретін, қуат та беретін тамаша өнімдеріміз. Мынау ерте заманнан, бағзы заманнан келе жатыр. Соны дәріптеу, соны насихаттау, соны халыққа заманауи бағытта көрсету, таныстыру бағытында ұйымдастырылып жатыр.

Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленгені белгілі. Айтулы күнге орай өткізілген  «Ұлт рухы: тарих пен өрнек» атты шара жиылғандарға қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін паш етті.

Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz