Елдің жаңа Ата Заңы 10 сәуірге дейін жаппай таралыммен басып шығарылады. Басты құжатқа енгізілген өзгеріс көп.
Енді еріктілер еңбегі қызметке орналасу барысында ескеріледі. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау күшейтіледі. Оның ішінде қылмыстық жаза да, айыппұл да бар. Үкіметте талқыланған жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыруда тағы қандай жаңашылдық айтылды? Алда нендей маңызды мақсат-міндеттер тұр?
Күні кеше мемлекет тарихының жаңа парағы ашылды. Енді елімізді елеулі өзгерістер күтіп тұр. Алдағы атқарылуы тиіс жұмыстарды үкімет отырысына келген министрлер кабинетінің мүшелері кезек-кезегімен баяндап шықты. Алдымен сөз алған Аида Балаева болды. Үкімет басшысының орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі саладағы салмақты шаруаларды қысқа-нұсқа айтып өтті. Айтуынша, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясатын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар саласы да жаңаша сипат алмақ. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес әзірленген заң жобасы үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мәртебесін нақты айқындап, олардың қызметінің негізгі қағидаттарын бекітеді.
Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы толық сақталады. Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады. Яғни бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалыспақ. Маңызды құжатта енгізілген тағы бір өзгеріс азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты. Бұл енді арнайы бағытталған нормамен іске асырылады. Жеке деректерді қорғаудың заманауи құралдарын, оның ішінде деректерді жасыру және хэштеуді енгізу жоспарланған. Министрдің мәліметінше, азаматтардың дербес деректері тарап кеткен жағдайда оған себепші болған адамға 5000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Бұл деректерді техникалық тұрғыдан қорғауға және рұқсатсыз қол жеткізу кезінде олардың жария болу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік деректер базаларынан деректерді жүктеп алуды шектеу жоспарланып отыр. Басымдық ақпараттық жүйелерді интеграциялауға берілетін болады. Ал деректерді жүктеуге тыйым салынып, тек ерекше және нақты Заңда анықталған жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
Жаңа Конституцияда білім беру саласындағы басым бағыттар айқындалған. Оның негізінде елдегі білім беру стандарттары қайта қаралмақ. Бас мұғалім сөзіне сенсек, оқу бағдарламаларының мазмұнын күшейтуге және оқу қорын жаңартуға күш салынады. Министр атап өткендей, білім берудің бастауыш буынын нығайтуға да басты назар аударылмақ. Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да жыл сайын қайта сараптаудан өтпек. Орта мектепте барлық негізгі пәндерді міндетті түрде оқу заңмен бекітіледі.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Қазақстанда оқушыларға арналған жаңа оқулықтар шығарылады. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, 10-11 сыныптарға арналған оқулықтарды өзектендіру жоспарланып отыр. Ол 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын атап өтті. 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығару, карталарды, тарихи және әкімшілік материалдарды толық ауыстыра отырып, 10-11 сыныптардың оқулықтарын өзектендіру жоспарланып жатыр. Ал 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар шығарылмақ.
Енді шаруа үкіметте. Парламентпен бірлесіп, білек сыбана кірісіп, бірқатар заңд мен заңға тәуелді актілерді жаңа Ата Заңға сәйкес келтіруі тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыстағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам құжатты, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек. Отырыс барысында үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Мәдениет және ақпарат министрлігі алдағы бір апта ішінде тиісті ақпараттық жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Ал 10 сәуірге дейін жаңа Конституция жаппай таралыммен басылып шығарылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа Конституцияда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылған. Біріншіден, жаңа Конституция нормалары бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Осыған байланысты мәдениет және ақпарат министрлігіне бір апта ішінде тиісті ақпараттық жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырамын. 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізу керек.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Ата Заңда тайға таңба басқандай айқындалған тағы бір маңызды тетік – адам құқығы мен бостандығы һәм қауіпсіздігі. Ел тарихында алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық туралы бастама көтеріліп отыр. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс форматы қайта қаралады. Үкімет басшысы сәуір айының соңына дейін өткізуді тапсырды.
Тегтер #Ата Заң #міндеттер #құжат #таралымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz