Шымкентте Наурызнаманың онкүндігі аясында жоғары оқу орындары арасында ерекше эстафета өтіп жатыр. Арнайы бекітілген кестеге сәйкес, қаладағы университет студенттері мерекелік іс-шараларды кезегімен өткізіп, өзара сынға түсті.
«Ұлттық киім күні» Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетте арнайы шара өтті. Оқу ордасының студенттері қазақы нақыштағы киім үлгілерін көпшілікке ұсынып, сән көрсетілімін ұйымдастырды. Көрмеде дәстүрлі киімдер заманауи үлгіде жаңғыртылып, ұлттық өрнектер мен ою-әшекейлер насихатталды.
Қазақы нақыштағы киімдер шеруін робот-гуманоид ашып берді. Сән көрсетілімінде «Ұлы дала айшықтары» және «Сұлу сылқым» атты бірегей топтамалар таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Университет базасындағы шығармашылық орталықта тігілген үлгілер орнымен қолданылған ою-өрнегімен ерекшеленеді.
Марат Ерімбетов, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ «Мұра» ұлттық шығармашылық орталығының директоры:
- Киімнің орналасқан ою өрнегіне келетін болсақ, ол – өз алдына бір философия. Сарқылмас қазына десем де болады. Соны бүгін біз қазіргі жастарға өнеге ретінде көрсетеміз деп ойлаймыз.
Оқу орнының 2 курс студенті Айнұр Мұратқызы шығармашылық ортаның белсенді мүшесі. Ол ұсынған ұлттық киім күнделікті жұмысқа да, қоғамдық жерлерге де еркін киюге болады. «Ерекшелігі сол сәнді әрі жүріп-тұруға өте ыңғайлы», - дейді.
Айнұр Мұратқызы, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ 2 курс студенті:
- Кішкентайымнан өзіме осы дизайнерлік қызық болды. Сондықтан кішкентай бір арманымды орындау үшін осыған қатысып жатырмын. Бұл киімді сипаттайтын болсам, бұл киім негізі заманауи үлгіде пальто ретінде тігілген. Киген кезде өзімен өзі адамның бойы тіктеледі. Өзіңе деген сенімділік артады.
Биыл шаһардағы жоғары оқу орындарында Наурызнаманың әр күнін ерекше атап өтуге басымдық берілді. Көрісуден басталған мерекелік эстафета ұлттық брендтерді ұлықтауға бағытталды. Жалпы 100 мыңға жуық студенттің үштен бірі осы игі шараларға қатысуға ниет білдірген.
Азамат Парманов, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Жалпы қаламызда 400 мыңға жуық жас бар десек, оның 100 мыңға жуығы осы 9 университетте оқиды. Қазір енді жастардың барлығын осы іс-шараларға қатыстырып жатырмыз. «Көрісу күні» болды. «Ұлттық тағамдар күні» болды. «Ұлттық ойындар» күні. Бүгін міне, «Ұлттық киімдер күні» Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университте аталып өтіп жатыр. Кеше «Шаңырақ күні» Шымкент университетінде өтті.
Ұйымдастырушылардың пайымынша, мұндай бастамалар отансүйгіштік қасиетті арттырып, ұлттық құндылықтарды сәнге айналдыруға септігін тигізеді. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарында әр жұма сайын қазақы нақышта киіну игі дәстүрге айналған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #наурызнама #ұлттық киім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz