Өзбекстандағы қандастар ұлттық киімді ұлықтап жүр. Көрші елде қазақтың қамзол, шапан, тақиясы брендке айналған. Ұлттық киім тігетін арнайы цехтар жұмыс істейді.
Жергілікті кәсіпкерлер тапсырыс берушілердің арасында өзге ұлт өкілдерінің саны күрт көбейгенін айтады. Ташкент облысына қарасты Қыбырай ауданының тұрғыны Ақмарал Қапалова ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде киюді сәнге айналдырған.
Айтуынша, қазақи киім үлгісіне өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығы зор. Естелік суретке түсіп, тігін цехының мекенжайын сұрайтындар да бар екен.
Ақмарал Қапалова, Қыбырай ауданының тұрғыны:
- Өзге ұлттар біздің киімімізге қызығады. Тойларға, қонаққа барғанда, суретке түседі. Ташкент қаласының ортасында ұлттық киіммен жүргенде көпшілік қызығып, суретке түскен еді.
Қазақ ұлттық мәдени орталығы атадан балаға мирас болған салт дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін рухани іс шараларды жиі ұйымдастырады. Тек облыс орталықтарында ғана емес, қазақтар мекендейтін шалғай ауылдарға да ат басын бұрады.
Серік Үсенов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
- Қазақтар қандай киім кигенін жастарға сіңдіруіміз керек. Өзбекстанда қаймағы бұзылмаған қазақтар өздерінің ұлттық болмасын сақтаған. Қазір бір миллионға жуық қандасымыз жұмыс жасап жатыр.
Өзбекстанда қазақ қолөнершілерінің қалыптасқан мектебі бар. Қандастар үшін атадан балаға мирас болып келе жатқан шеберлік дәстүрді жалғастыру –басты мұрат.
Тегтер #Өзбекстан #қандастар #ұлттық киімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz