Павлодар облысында көпбалалы ана ұлттық киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаумен айналысады. Өйткені қазақы нақыштағы бұйымдарға сұраныс жоғары.
Жеті баланың анасы Жаңагүл Айдаубайқызы болашақта кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Жаңагүлдің екі жоғары білімі бар. Ол – заңгер және бастауыш сынып мұғалімі. Ісмерлік қасиет анасынан дарыпты. Бала күтімімен үйде отырған кезде бастаған шағын кәсібі бүгінде тұрақты табыс әкеле бастады. Себебі қазақтың бірде-бір салтанатты жиыны ұлттық киімсіз өтпейді.
Жаңагүл Айдаубайқызы, қолөнер шебері:
- Мен негізі көпбалалы анамын. Жеті балапанның, жеті қыздың анасымын. Олардың күнделікті киетін желеткесі, шашбауы соларға да керек болғандықтан осы іспен айналысып кеттім. Тапсырыс өте көп деп айтуға болады. Тек қана тігін емес тағы күнделікті тағатын әшекей бұйымдарды жасап және де балаларға жұмсақ ойыншықтарды да тігемін.
Кәсібінің дамуына мемлекеттен алған бір миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант үлкен серпін берген. Тігін машинасын және қажетті материалдарды сатып алыпты. Ал адамдардың ризашылығы оның шабытына шабыт қосқан.
Жаңагүл Айдаубайқызы, қолөнер шебері:
- Мысалы маған отбасылық киімге тапсырыс түсті. Соларды тігіп, жаңағы тапсырыс берген кісіге берген эмоцияны жеткізу мүмкін емес. Өзім сол кезде жақсы сезінемін. Кісілердің көңілінен шығып жатқанда, көргенде ары қарай шабытың оянып тағы басқа қандай киімдер тіксем, қандай әшекей бұйымдар жасасам деген сияқты ұйықтап жатсамда ойымда неше түрлі шабыттар келеді.
Көпбалалы ана қазір ұлттық киімдердің түр-түрін тігеді. Шәкірт тәрбиелеп, жастарды қолөнерге баулуға да уақыт тауып жүр. Наурыз қарсаңында тапсырыс берушілер қатары артыпты.
Амангүл Жұмабай, Кенжекөл ауылының тұрғыны:
- Ұлттық шапан, ұлттық бас киім, қазақтың қыздарына тән, шашбауын ең бергісін айтқанда осындай ұлттық киімдерді біз күнделікті киіп, дәріптеуіміз қажет деп ойлаймын. Жалпы ұлттық киім, ұлттық өнер бір кісінің қолынан шықса, екінші кісіден ол шықпайды. Бір зат шықса, екінші ол қайталанбайды.
Қазіргі уақытта ұлттық киімдер заманауи сән үлгілерінің ажырамас бөлігіне айналды. Камзол, көйлек, шапан мен әшекей бұйымдар күнделікті өмірде де, түрлі мерекелік жиындарда да кеңінен қолданылып жүр.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қолөнер шеберлері ұлттық киімдердің ондағы оюлардың және де ұлттық нақышта жасалған әрбір бұйымның терең мән-мағынасы барын айтады. Мәселен, қыздардың мәдениеті мен оның жүріс-тұрысы шолпысының сылдырына қарап білінген екен. Ал шекелік қыз баланы сұқ көзден қорғаған деседі.
Этностильге жастар арасында зор қызығушылық бар. Сән мен салтты ұштастырған ұлттық киім – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі күннің де басты трендтерінің бірі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар облысы #көпбалалы ана #сұраныс #ұлттық киімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz