Алда наурыз мейрамына орай бірнеше демалыс күні күтіп тұр. Бұл аралықта ұшақ пен пойыз билеттеріне сұраныс күрт артатыны белгілі. Сондықтан әуе және теміржол компаниялары қосымша рейстер шығарып жатыр.
Алдағы мереке күндері ішкі әуе рейстеріне сұраныс күрт артатыны белгілі. Сондықтан қазақстандық авиакомпаниялар қосымша 160 рейс шығарады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады. Солардың 146-сын екі компания 16-29 наурыз аралығында орындайды. Басым бөлігі «Алматы-Астана» бағытына тиесілі. Ал қалған ұшақтар Алматы, Астана, Ақтау қалаларынан өзге өңірлерге қатынайды. Тағы бір авиакомпания 19-21 наурыз және 23-26 наурыз аралығында елдің әкімшілік-саяси және мәдени орталықтарын байланыстыратын 9 рейс шығарады. Сонымен қатар «Шымкент-Ақтау», «Ақтау-Астана» бағыттарын қамтуды жоспарлап отыр. Қосымша рейстердің ашылуы жолаушылар тасымалы қызметінің қолжетімділігін арттыруға тиіс.
Ұшаққа билет жетпесе, пойызбен жүруге мүмкіндік мол. Теміржол арқылы жолаушы тасымалдайтын компания мейрам кезінде желіге қосымша 3 пойыз қосылатынын хабарлады. Сонымен қатар ең көп сұранысқа ие бағыттар бойынша вагондар саны 230-ға артады. Нәтижесінде жолаушыларға жаңадан 35 мың орын ұсынылып отыр. Қосымша пойыздардың қозғалысы мынадай. 20-31 наурыз аралығында «Алматы-2 – Астана-1» бағыты бойынша 6 рейс орындалады. Ал «Астана Нұрлы жол-Шымкент» аралығында 8 рет барыс-келіс жасайды. Сондай-ақ «Ақтөбе-Астана Нұрлы жол» маршруты үшін тағы 6 рейс қарастырылған.
Жолаушылардың енді бір бөлігі сапарға жеке көлік немесе таксимен шығады. Бұл тұста ақылы жолдар үшін төлем жасау тәртібі өзгергенін айта кету керек. Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, егер жүргізуші жолақысын бір апта ішінде төлемесе, сегізінші күні материалдар көліктік бақылау органдарына жіберілетін. Енді оларға берілетін мерзім ұзартылды. Бұдан былай, жеке тұлғалар ақылы жол үшін 30 күн ішінде төлем жасауға тиіс. Ал заңды тұлғалар үшін бөлек мерзім қарастырылып отыр. Елде жалпы ұзындығы 4 900 шақырымға жуық 26 ақылы жол бар. Олардың жартысына жуығы І техникалық санатта болса, қалғаны ІІ және ІІІ санатта. Былтыр бұл трассалар арқылы 74 миллионға жуық сапар тіркелген. Ал жүргізушілерден түскен табыс көлемі 87 млрд теңгеге жетті. Ол қаражат автожолдарды күтіп-ұстау, жаңғырту және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады, деді Көлік министрлігінің мамандары.
Ғабит Шымырбаев, ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
- Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлға деп екіге бөліп өзгерістер енгізіп жатырмыз. Яғни, Заңды тұлғаларға 20 күн уақыт беріледі. 20 күн ішінде сіз жүріп өткен жолыңыздың ақысын төлеуге уақытыңыз бар. Яғни, төлем мерзімі 7 күннен 20 күнге дейін ауысып отыр. Ең көп қолданылған ақылы жолдар аталды.
Ал жыл басынан бері ақылы жолдар ақылы 11 млннан астам сапар тіркелген. «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметіне қарағанда, «Алматы-Қонаев», «Шымкент-Өзбекстан» шекарасы және «Шымкент-Тараз» бағыттары ең көп қолданылған. Ал «Орал-Ресей Федерациясының» шекарасы, «Үшарал-Достық» және «Бейнеу-Ақжігіт» жолдарында көлік ағыны едәуір төмен.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz