Алтай қаласындағы күл-қоқыс алаңы 70 жыл бұрын салынған. Содан бері 35 мыңнан аса тұрғыны бар шағын шаһардан шыққан қоқыс сол жерге үйіліп келеді. Яғни қазір бұл алаңқай экологиялық талаптарға қайшы жұмыс істеп тұр.
Жүк көлігінің жүргізушісі Александр Апрельский мұнда күніне кем дегенде 5-6 рет келеді. Тек тиелген қоқысты төгіп қана кетпейді. Кейде бықсып жатқан түтінді өшірумен бөгеліп қалады.
Александр Апрельский, көлік жүргізушісі:
- Жаз сайын жанып, бықсып жатады. Он жыл болып қалды түк өзгерген жоқ. Тұрғындар да қауіпсіздік дегенді ескермейді. Қоқыс жинайтын жәшік ішіне ыстық күл тастай салады. Полигонның осылай толып тұрғаны бізге де ыңғайсыз, көлікпен ары-бері жүру қиын болып кетті. Сондықтан кең әрі қауіпсіз алаң салынса жақсы болар еді.
Әкімдік бұл жайдан хабардар. «Жаз бойы бықсып жататын қоқыстан өрт шықпау үшін тонналап су тасып, шашып отырдық», - дейді олар. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында қоқыс алаңқайының әбден толған бөлігіне рекультивация жасалады. Ал бос тұрған қалған аумақ қатты қалдықтарды қабылдау үшін жабдықталады.
Сергей Охременко, Алтай қаласының әкімі:
- Осы жұмыс істеп тұрған полигонды қайта жаңғыртамыз деп шештік. Жалпы бұл алаң 12 гектар жерді алып жатыр. Соның, міне, 5-гектардан астамы толып кетті. Бұған рекультивация жасалады. Ал бос тұрған 7 гектар аумағы қатты қалдықтарды жинау үшін жабдықталады. Жалпы үлкен жаңа полигон салу туралы да ой болды. Алайда оған ыңғайлы жер табылмады.
«Алтай қаласы өзен-көлмен бұлақтың, орман-тоғайдың ортасында тұр. Сол себепті қоқыс полигонына қолайлы жер қиын»,- дейді сала мамандары.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Күл-қоқыс алаңының тапшылығы тек Алтайда емес, облыс бойынша өзекті. Өскемендегі қатты қалдықтар полигоны да, міне, әбден толып кеткен, жан-жағына шашылып жатыр. Қолдану мерзімі баяғыда аяқталса да, жыл сайын қаладан шыққан бүкіл қоқыс осында ікелінеді. Өйткені жаңасын салатын жер жоқ.
Қалдықтарды қай жерге жинасаң да, біраз жылдан кейін мәселе қайтадан өзекті болады. Сондықтан сұрыптау мен қайта өңдеу ісі жолға қойылу керек. Өскемендік мамандарды алаңдатқан басты сауал да осы.
Рашид Шерубаев, Өскемен қаласы, ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Қоқыс полигонын жай сала салуға болмайды. Алдымен қалдықтарды қайта өңдеу технологиясы жайлы ойлануымыз керек. Тек содан кейін ғана полигонның және зауыттың орналасатын жерін анықтауға болады.
Түйткілді мәселенің түйіні әлі тарқамады. Демек экологиялық ахуалы онсыз да нашар шаһарда ескі полигон ары қарай қолданыла бермек.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #Алтай #қоқыс алаңы #ӨскеменPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz