Шығыс Қазақстан облысында Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға байланысты 500-ден аса іс-шара ұйымдастырылады. Соның 100-ден астамы Өскеменде өтеді.
«Наурызнаманың» онкүндігіне сәйкес тағылымды бағдарламалар қазір күн сайын халық назарына ұсынылып жатыр. Мәселен, ірі сауда орталығында «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» тақырыбында ұлттық киім шеруі өтті. Екі мыңнан аса адам қазақы нақыштағы киім үлгісін көрсетіп, жарапазан айтып, ұлт мұрасын паш етті.
Сәні мен салтанаты келіскен мұндай кеш Өскеменде бұрын-соңды болмаған. Қала тұрғындарының ұлттық киімге деген құрметі ерекше байқалды. Ою-өрнегі, әшекей бұйымдары төгіліп тұрған сәнді шапан, бүрмелі көйлек, жиекті камзол көз тартады.
Ақ кимешегі алыстан көрінген Татьяна Воронина мейрамға ерекше дайындалыпты. «Ол қазақы нақыш адамды баурап алатын қасиетке ие», - дейді.
Татьяна Воронина, қала тұрғыны:
- Бұл киімді киіп шықсам, айналадағы адамдар сүйсіне қарайды, өзіме де ерекше әсер қалдырады. Сондықтан осындай ұлттық мерекеде үстімнен тастамаймын.
Көрмеде ең креативті, ең дәстүрлі, үздік отбасылық және үздік балалар костюмі атты төрт аталымда байқау өтті. Оған қалалықтар белсене қатысып, жеңімпаздар марапатталды.
Гүлжан Әбекбаева, байқауға қатысушы:
- Қазақи бір рухты көтереді. Өзіміз күнделікті қазақи киім кимегендіктен, бірінше рет киіп шыққан соң, сондай әсерлі.
Жиналғандар дәстүрлі киім үлгісін тігіп жүрген қаладағы сән үйлерінің жұмысымен де танысты. «Жалпы мұндай көрсетілімінің сауда орталықтарында өтуі бекер емес», - дейді ұйымдастырушылар.
Самат Қасенов, ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы:
- Өйткені бұл халыққа ыңғайлы. Сауда орталығында демалып жүрген, баласымен, немересімен жүрген адамдарға бұл іс-шараны көру өте ыңғайлы. Сондықтан ұйымдастырылып жатқан шара. Ұлттық киімнің үлгісін әр бағытта көрсетеді, біреу қошқар мүйіз оюын көрсетіп жатса, біреу сырғамен, әшекейлермен көрсетіп жатқан түрлері бар.
Шаһардың әр күні думанды шараға толы. Мақсат – ұлттық мұраны ұрпақ санасына сіңіріп, кеңінен насихаттау.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #Ұлыстың ұлы күні #Наурызнама онкүндігі #ұлттық киім #шеруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz