Күні кеше елордалық көп қабатты үйлердің бірі өртке оранды.
Қызыл жалынның қатты болғаны соншалық екі бөлмелі пәтердің түгі қалмаған. Тілсіз жау шарпыған аумақ 10 шаршы метрден асады. Абырой болғанда апаттан зардап шеккендер тіркелмеген. Баспанасыз қалған бүтіндей бір отбасының ендігі жағдайы не болмақ. Оқыс оқиғаның шығуына кім кінәлі?
Су жаңа ақ шаңырақ әп-сәтте қап-қара күлге айналды. Жиһаздардың да түгі қалмаған. Құлаған төбелер, күйіп, қаңыраған қара қабырға. Қызыл жалынның қуаты соншалық терезе-әйнек те сынған. Төтеншеліктер тілсіз жауды дереу ауыздықтады. Алайда, баспананың бүтін жері қалмады.
Ербағлан Полатов, қалалық ТЖД аға инженері:
- Барлау барысында пәтердің жатын бөлмесінде жиһаздар мен заттардың жанғаны туралы мәлімет келіп түсті. Өрттің аумағы шамамен 10 шаршы метр. Адамдар өздері шығып үлгерген. Эвакуация өз бетінше жасалған. Жарақат алғандар жоқ.
Екатеринаның шаңырақ алып шаттанғанына жылға жетіп үлгермеді. Көп күткен баспанасы әп-сәтте күлге оранды. Тілсіз жау тұтанған кезде үйде болмаған. Күйіктің иісін көршілер сезіп бірден дабыл қағыпты.
Екатерина Зайцева, пәтер иесі:
- Ортақ чатқа жазылған хабарламаны оқыған соң бірден үйге келдім. Түтін шығып жатты. Дабыл жүйесі біз тұратын оныншы қабатта жұмыс істемеген. Тек екінші, бесінші қабатта сезілген көрінеді. Содан кейін біздің тұрғындар оны өздері қосқанын айтты.
Пәтер иесі өртке бөлмелердегі электр сымдарының ақауы себеп болуы мүмкін деген болжам айтады.
Екатерина Зайцева, пәтер иесі:
- Розеткалар барлық жерде бұралған жоқ, міне, тіпті залда да көруге болады. Сол қалпы ашық тұр. Толық жабылған жоқ. Меніңше, бәрі сапалы жасалмағандықтан. Өзім де жоспарлап жүр едім. Электрик шақырып, үйдегі барлық тоқ көздерін қалыпқа келтіремін деген ойымда жүр еді. Соңы енді осылай боп отыр.
Қазіргі таңда өрт техникалық сараптама тағайындалды. Қызыл жалынның неден шыққанын әзірге кесіп айту қиын. Оқиға болған күні үйді салған құрылыс компаниясының өкілі мен мүлік иелерінің бірлестігінің өкілі де төбе көрсетті. Алайда олардың да жауабы нақты емес.
Қуат Коучубаев, мүлік иелері бірлестігінің өкілі:
- Пәтердегі сымдардың ақауы бойынша ТЖД мамандарынан нақтылап жатырмыз. Олар әзірге толық бір жақты себебін айта алмайды. Сәл күте тұруымыз керек. Бәрін жан-жақты зерделеп сосын жауабын шығарамыз.
Пәтер иесі баспананың өзін ай сайынғы төлеммен ипотекаға алынғанын айтып қынжылады. Әдетте "Отбасы банкінде" қарыз ресімдеу кезінде үй оның құнының 0,1% мөлшерінде сақтандырылады. Сақтандыру бір жылға созылады. Кейін клиенттің қалауы бойынша ұзартылуы мүмкін. Бірақ төлемді кейінге қалдыру қарастырылмаған.
Жанар Изембетова, "Отбасы банк" АҚ орталық филиалының директоры:
- Біз сақтандыру компаниясына хабарлама жібереміз. Олар өрт болған үйге өздері барады. Келген барлық шығын көлемін анықтайды. Кейін сақтандыру төлемі анықталады. Біздің нормаларымызда мүліктің бүлінуі немесе жойылуы жағдайында төлемді кейінге қалдыру қарастырылмаған. Бірақ Банктің уәкілетті органы және әрбір жеке жағдайды қарастырады, зерделейді.
Құрылыс компаниясының өкілдері жауаптан бас тартпады. Сараптама қорытындысы шыққан соң заң аясында көмек көрсетіледі деп сендірді. Ал әзірге анығы күлге оранған баспана тұруға жарамсыз. Қалыпқа келтіруге біраз уақыт һәм қаржы керек.
Тегтер #өрт қауіпсіздігі #24KZ #ТЖМ #көп қабатты үй #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz