Соңғы бір жарым жыл ішінде Абай облысындағы сауда үйлерінде жеті өрт оқиғасы тіркелген.
Соның ең соңғысы наурыз айының басында болды. Ұқсас жағдайлар еліміздің өзге өңірлерінде де байқалып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов халық көп шоғырланатын нысандардағы қауіпсіздік талаптарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе сауда үйлері мен газ сататын нүктелерге ерекше назар аударылмақ. Өңірде қауіпсіздік шаралары қалай сақталып жатыр?
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Семейдегі «Бала Парк» ойын-сауық орталығында шыққан өрт соңғы күндері көпшіліктің назарын аударды. Қызыл жалын бірнеше сағаттың ішінде ғимараттың 90 пайызын күлге айналдырған. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы — өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Бауыржан Әрінов, Абай облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Профилактикалық іс-шаралар кезінде ірі сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндіріледі. Атап айтқанда, эвакуациялық жолдардың қауіпсіздігін сақтау, бастапқы өрт сөндіру құралдарының, яғни басқа да жабдықтардың болуы қажет екені айтылады. Сондай-ақ қызметкерлерге өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі үйретіліп, инженерлік жүйелердің жарамдылығы тексеріледі.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Абай облысында барлығы 72 сауда үйі жұмыс істейді.Оның 56-сы Семейде орналасқан. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бұл нысандарды жиі тексермейді. Заң талаптарына сәйкес, мамандар ғимаратта қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда немесе тұрғындардан шағым түскен кезде ғана барып тексеру жүргізе алады.
Бауыржан Әрінов, Абай облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Тексеру жоспарына бақылауда тұрған нысандардың 5 пайызынан аспайтын бөлігі ғана енгізіледі. Егер белгілі бір нысанға қатысты шағым түссе, өрт оқиғасы тіркелсе немесе өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, арнайы талдау жүргізіледі. Соның негізінде ол нысан келесі жылғы тексеру жоспарына енгізілуі мүмкін.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Ал профилактикалық жұмысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үнемі жүргізіп отырады. Әр нысанға жылына кемінде екі рет барып, сауда үйлерінің иелері мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін айтады. Сонымен қатар жадынамалар таратып, кейде оқу-жаттығуларын да өткізеді.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #өрт қауіпсіздігі #бақылау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz