Алматыда Наурыз мейрамы қарсаңында қала көшелері ерекше безендірілді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұлт руханияты мен заманауи технологияны байланыстыруға ерекше көңіл бөлінген.
Мәселен, Астана алаңы Digital форматтың орталығына айналады. Әртүрлі форматтағы 6 киіз үй тігіледі, соның ішінде «Робо» және «Digital 360» мультимедиялық киіз үйлер бар. Алматы әкімдігі мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін қызу дайындалып жатыр. Мерекелік іс-шаралар ертең басталады.
Астана алыңында тарих пен технология тоғысады. Мұндағы Digital 360 мультимедиялық киіз үйі LED экранмен қапталып, заманауи дыбыстық жүйемен жабдықталған. Қонақтар Медеу мен Шымбұлақтың көркем табиғатын, сақ қорғандарын және қар барысын көре алады. «Робо» киіз үйде биылғы шараның шырайын келтіреді. Сонымен қатар оқушылардың инновациялық роботтары, дрондар, интеллектуалды және жасанды интеллект жобалары көрсетіледі.
Бақтияр Жұмағали, робототехника командасының капитаны:
- Бізде 12 жасқа дейін балалар легодан түрлі жобалар жасайды. Себебі бұл олардың ойы мен ойлау қабілетін жақсартады және олар түрлі легодан үлкен жобалар құрастырып, олардан өз ойлау қабілеттерін жақсартады.
Одан бөлек, ұлт мұрасын көрсететін 4 киіз үй тігілген. Онда тұрғындар сақ дәуірінің археологиялық мұрасын, этнодизайнмен көмкерілген ұлттық өнерді және театрландырылған киіз үйлермен танысады. Сонымен қатар Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің мұрасы «Ұлы дала әуені» киіз үйіне қойылған.
Арна Бекболатова, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің экскурсия жетекшісі:
- Нұрғиса Тілендиев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Дина Нұрпейісова, Жамбыл Жабаев секілді тұлғалардың домбыраларын тамашалай аласыздар. Олардың барлық түпнұсқалары мұражайымыздың қорында сақталған. Одан бөлек, басқа да мақсаттарда пайдалынылған шулы аспаптарымыз, үрмелі аспаптарымыз, ішекті қобыз секілді аспаптарымыз көрсетілген.
Концерттер, көрмелер, ұлттық спорт жарыстары, ашық аспан астындағы караоке және балалар мен ересектерге арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылады. Осылайша, Алматы турғындары мен туристер әз-Наурыздың ерекше атмосферасын сезіне алады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Алматы #наурызнама #Digital #ЖИPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz