RU
Толық нұсқаға өту

Отанға адал қызмет – абыройлы міндет

20.03.2026, 22:29 39

20 наурыз Қазақстанда Жедел әрекет ету арнайы жасағы бөлімшелерінің құрылған күні аталып өтеді. 

Қаруланған қылмыскерлерді ұстау, кепілге алынған адамдарды босату, арнайы операцияларға қатысу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мұның барлығы арнайы жасақ қызметкерлерінің негізгі міндетіне жатады. Бөлімшенің жауынгерлері қалай жаттығады? Үміткерлерге қандай талап қойылады? 

Павлодар облысындағы жедел әрекет ету арнайы жасағы ең күрделі әрі қауіпті тапсырмаларды орындайды. Жауынгерлер қылмыскерлерді ұстау операцияларына қатысады. Ерекше дайындық пен жеделдікті талап ететін жерлерге шығады. Олардың жұмысы төзімділік пен тәртіпті және толық жинақылықты қажет етеді. Себебі оның артында адамдардың қауіпсіздігі жатыр.

Қасиет Бейсекин, облыстық ПД Жедел әрекет ету жасағы командирінің орынбасары:

- Біздің бөлімшеде спортшылар көп, сондықтан олардың барлығы қызметке белгілі бір дайындықпен келеді. Дегенмен кейбір жағдайларда дұрыс әрі жедел шешім қабылдау қажет болады. Олардың қасында командир әрдайым бірге жүрмейді. Сондықтан дұрыс шешім қабылдауға тура келеді. Мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Бұл әр қызметкердің дайындығын көрсетеді.

Жасақта ерлермен бірге әйел адамдар да қызмет атқарады. Солардың бірі – Ризагүл Андасова. Өткен жылы Ризагүл Дубайда өткен халықаралық жарысқа қатысып, әйелдер құрамасының сапында екінші орынға ие болды. Ризагүл бұл салада жеті жылдан астам уақыт қызмет етеді. Өз таңдауынан жаңылмапты.

Ризагүл Аңдасова, облыстық ПД Жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы:

- Біздің қызметте қандай тапсырма болса да, ең бастысы, адамдардың және өзіңнің қауіпсіздігіңді қамтамасыз етуді ойлау керек. Себебі үйде ата-анам, жұбайым күтіп отырады. Менің отбасым барлық бастамаларымды қолдайды. Алғашында ол спорт болған. Енді міне арнайы жасақта қызмет етемін.

Ал Нұрсұлтан Хасанов – бұрынғы кәсіби спортшы. Кикбоксингтен әлем чемпионы еліміздің көк туын талай тартысты бәсекелерде желбіреткен. Спорттық мансабын аяқтаған соң арнайы жасақта қызмет етуді жөн көрген. «Бұл – қызмет спорттан кем емес», - дейді ол.

Нұрсұлтан Хасанов, взвод командирі

- Енді жұмысымыз оңай деп айта алмаймын. Жұмыстың қиындығы жауапкершілікте. Тәртіпті талап ететін қызметтердің бірі және де осы салада, осы жұмыста істеу үшін елге деген өзіңнің бір өзгеше патриоттық махаббатың болу керек. Осындай қызметте жұмыс істегеніме өте қуаныштымын.

Жедел әрекет ету жасағына қабылдану үшін жауынгерлер қатаң іріктеуден өтеді. Ал қызмет етіп жүргендер өз міндетіне берік. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz