Шымкентте Наурыз мейрамы заманауи технологиялармен астасып, ерекше сипат алды.
Қаланың жеті бірдей алаңында сахна орнатылып, ұлттық мұра мен цифрлық интеллект сабақтасты. Мерекелеуге келген көпшілікке салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар виртуалды әлем арқылы дәріптеліп жатыр. Осы мақсатта қазақы киіз үйлер мультимедиялық жүйемен жабдықталды.
Ал сахнада өнерпаздармен бірге роботтар да би билеп тұрғындардың назарын аударды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Ынтымақ пен бірлікке бастайтын Ұлыстың ұлы күнін қала жұртшылығы зор қуанышпен атап өтіп жатыр. Көпшілігі заманауи үлгіде тігілген ұлттық нақыштағы киім киген. Олардың көтеріңкі көңіл-күйін жүзінен-ақ аңғаруға болады.
Мерекелік думан қалаға қарасты барлық ауданның орталығында ұйымдастырылды. Көпшілік үшін театрландырылған көріністер мен концерттік бағдарламалар ұсынылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Ал білек күші мен ептілігін сынағысы келетіндер ұлттық ойындардан бақ сынап, жүлделі орындарды сарапқа салды. Әсересе, Әл-Фараби алаңында халықтың қарасы қалың. Мұнда халықаралық гастрономиялық фестиваль өтіп жатыр. Отандық және шетелдік бас аспаздар бірігіп, үлкен қазанға наурыз көже әзірледі. Өз шеберліктерін көрсетіп, келушілер үшін ұлттық тағам үлестірді. Ал біз тұрған қаланың басты алаңы дәстүр мен инновация тоғысқан Digital форматтың орталығына айналды. Мұнда өткеннің өнегесі мен бүгінгі озақ технологиялар ұштастырылған. Мәселен, мультимедиялық қазақы үйлерде жасанды интеллектінің көмегімен әзірленген «Тарих пен болашақ» тақырыбындағы бірегей бейнекөріністер назарға ұсынылды. Сонымен қатар, VR көзілдіріктер арқылы көшпенді халықтың тұрмыс-салтынан хабардар болуға болады.
Наурыз мейрамында ұлттық мәдениет пен жаңа заманның технологиялық мүмкіндіктерінің үйлесімін көріп отырмыз. Бұл жаңашылдықтар мерекенің мазмұнын қалай байытты және болашақта осындай «инновациялық Наурыз» дәстүрге айнала ма?
Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Айта кетейік, наурызнаманың онкүндігі аясында ұлттық сипат алған іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Татулық пен бірлікті ту еткен кең ауқымды мерекелік жоспар бар. Бүгін кешке осы орталық алаңда эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтеді.
Тегтер #Шымкент #Наурыз мерекесі #24KZ #цифрландыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz