RU
Толық нұсқаға өту

Есіл ауданында мерекелік думан өтіп жатыр

21.03.2026, 17:28 44

Наурыз – малдың аузы көкке, елдің аузы аққа тиетін мамыражай шақ. Қазақ үшін Ұлыс күні әр шаңыраққа береке әкелетін құтты шақ есебінде. 

Сол себепті үлкен де, кіші де бұл күнді шат-шадыман қарсы алады. Бүгін бас қаладағы Есіл ауданында ауқымды шаралар өтіп жатыр. 

Есіл ауданында Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіліп жатыр. Аумақта заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған алты тақырыптық киіз үй тігілген. 8 қанат ақ үйлерде интерактивті дисплейі бар жасанды интеллект аватары, VR-көзілдірік, ерекше қажеттіліктері бар адамдар жасаған өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

ЭКСПО аумағы ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз және басқа да мәдени элементтермен безендірілген. Алаңның қақ ортасына «Келіншек» композициясы қойылған. Алыстан көз тартатын инсталляцияның биіктігі 9 метр. Келіншек кейпіндегі бейне 100-ге тарта адамның қол шеберлігінен шыққан. Мұны құрауға 5 жастағы баладан 75 жастағы қартқа дейін ат салысқан. Сондай-ақ алаң «Алаша тоқу» және «Арба» тақырыптық инсталляцияларымен толықтырылды.

Рахима Берген, «Ұлы дала аруы» жобасының авторы:

- Бұл біздің «Ұлы дала аруы» деген инсталляциямыз – өткен мен болашақты біріктіретін жоба. Бүгінгі іс-шарамызда 4 буынды біріктіріп, бір ауыздан 9 метрлік композицияны құрап шығардық. Жобаға 100-ге тарта адам қатысты. 

Астанада ауылын аңсаған жұрт көп. Есіл ауданының ерлері бүгін бір марқайып қалды. Бірі асық атса, өзгесі ләңгі тепті. Қошқар көтеру, арқан тартыс, қол күрестен де жарыстар өтті. Ал бірі өз мергендігін сынады. Әйелдер қауымы «Жеті қазына» экспозициясы мен қызғалдақтар көрмесін тамашалады. Ауқымды іс-шаралар ертең де жалғасын табады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz