RU
Толық нұсқаға өту

Мемлекет басшысының Түркістан облысына сапары қалай өтті?

21.03.2026, 19:08 45

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. 

Мемлекет басшысы Наурыз – тазару, жаңару уақыты екенін еске салды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осыдан 2 жыл бұрын қолға алынып, бүгінде мемлекеттің мызғымас идеологиясына айналғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Жер-Ана түлеген шақта конституциялық реформаның орын алуының да маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы өңірдегі зиялы қауыммен де кездесті. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Тасын түртсең, тарихы сөйлей жөнелетін Түркістан әз-Наурызды биыл ерекше қарсы алып отыр. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, күннің нұры молынан төгіліп, сар самаурын қайнап, дастархан жайнады. Мемлекет басшысы бүгін Тұран төріне табан тіреп, мерекені жергілікті халықпен бірге қарсы алды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын. Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы. Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы кесене аумағында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен басқа да әйгілі тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті. Содан соң Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті. Жиында Президент Мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізілетінін мәлім етті. Жуырда Жарлыққа қол қойылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден, Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. 

Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

- Осының бәрі Түркістан жеріне, Түркістанды ту еткен түркі халықтарына, ғұламалардың ғұламасы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың интеллектуалды және рухани мұрасына берген құрметі. Тарихи әділ баға беріліп отыр. Бұл түркістандықтарға мереке қарсаңында үлкен қуаныш сыйлады.

Киелі Түркістан – тарихи шешімдер қабылданған қойнауы қазынаға толы мекен. Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Үш жүздің биі бас қосып, бір тудың астына жиналды. Бұл елдік пен ерлік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы осы өлкеде болған еді. Келесі келелі жиын да Түркістанда өтеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекет басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек. Түркістан Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. 

Президент ұлық мерекеде ұлттың ұл-қызына қарата сөз айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Түркі әлемінің рухани астанасы саналған шаһар ұлттық спорттың да халықаралық орталығына айналып отыр. Жаңа бой көтерген көпфункциялы атшабарда көкпардан Әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – ел спорты үшін тарихи оқиға. Өзбекстан 2-орынға, Ауғанстан 3-орынға тұрақтады. 

Аттила Хоттак, Венгрия этноспорт федерациясының президенті:

- Бізді өте жақсы қарсы алды. Халық ашық-жарқын, кеңпейіл екен. Қазақтардың жылқыға деген сүйіспеншілігін көріп, бас шайқадық. Қазақстанның ұлттық спортқа баса мән беріп отырғаны қуантты.

Тұлпарлардың дүбірі жиылған жұрттың делебесін қоздырып, ұлттық спортты алға оздырды. Іле-шала жамбы атудан да жарыс басталды. Құралайды көзге атқан сұр мергендер бас жүлде үшін барын салуда. Олардың ішінде еліміздегі жамбы ату шебері Батыр Бексауыт та бар. Ол жақында ғана АҚШ-тағы додада топ жарып, жамбы атудан рекорд орнатып келді.

Батыр Бексауыт, жамбы ату шебері:

- Бүгінгі сайыс өзіміздің қазақы стилде өтіп жатыр. Аспанда ілініп тұратын жамбыны бар жылдамдықпен ату ғой. Қарсылас команда баяғыдан қарсылас боп келе жатқан балалар, жақсы танимыз, олар да өте мықты. Арасында менімен Америкаға барып келген спортшылар да бар. 

Бақыт қайда барасың дегенде, ынтымақты елге барамын демей ме?! Қазір Тұран даласы – 50-ге жуық ұлт пен ұлыстың басын қосқан татулық мекені. Бүгінгі Ынтымақ күнінде жұрт әз-Наурызды ықыласпен қарсы алып жатыр. 

Бүгін Президент өңірде еселі еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келе жатқан түрлі сала өкілдеріне мемлекеттік награда табыстады. Бұл – маңдай тердің, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектің өтеуі.

Мәлік Дәулетов, Түркістан қалалалық газетінің бас редакторы:

- Төбеміз көкке екі елі жетпей тұр десек те болады. Бұл да бір еңбектің еленгені шығар. Мемлекет басшысы арнайы келіп, қазақстандықтарды Түркістаннан құттықтап отырғаны бізді ерекше әсерге бөлеп отыр. Күн сайын түрленіп, түлеп келе жатқан Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды деп баға берсек болады. Себебі мемлекеттің тарапынан Түркістан қаласына деген назар ерекше.

Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:

- Осынау ұлық мерекеде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан марапат алу әрине, үлкен абырой. Мен ойлаймын, Президентіміздің соңғы жылдары ғалымдарға көрсеткен құрметінің нышаны және университетімізге деген сенімнің белгісі. Сондықтан ұжымның атынан қабылдадым бұл марапатты.

Марапат алғандардың ішінде 40 жылдан аса уақыт бойы қоғамдық-саяси салада қызмет етіп, аймақтың алға жылжуына атсалысқан еңбек ардагері де бар.

 

Тұрсынәлі Дүйсенбеков, еңбек ардагері:

- Мен ол кісінің қолынан бүгін «Ерен еңбегі» деген марапат алдым. Мен үшін, менің отбасым үшін өте үлкен, естен кетпейтін қуаныш. Тебіреніп тұрмын. Азды-көпті еңбегімізді бағалап, көтермелеген Мемлекет басшысына рақмет!

Былтыр өңірдің экономикасы 14 пайызға өсіп, салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Елді мекендердің барлығына жуығы ауыз сумен қамтылған. Облыс халқының  90 пайызға жуығы газбен қамтылған. Бұған қоса, 83 әлеуметтік нысан ашылды. 16 білім ордасы салынып, ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақ қуатты болса мемлекет те мықты болады. Бұл – біздің негізгі жетістіктеріміздің формуласы. Сондықтан экономиканы нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын басты стратегиялық нысан болып қала бермек. Қазір Қазақстанда өзгерістер кезеңі. Оны жақсы білесіздер. Бәріміз ел болып жаңа Конституцияны жүзеге асырдық. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Иә, бұл  Наурыз бұрынғы Наурыздан өзгерек. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жаңа Ата-заң қабылданып, Табиғат-Ана жаңарған шақта еліміз де дамудың жаңа жолына түсті. Осылайша, ер Түріктің бесігі қайта тербелді.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz