Әлеуметтік әлжуаз топтың өкілдері санатындағы тұрғын үйге мұқтаж осынша отбасыға мереке қарсаңында су жаңа пәтер кілттері табысталды.
Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілді. Биыл «Отбасы банк» арқылы түрлі бағдарлама бойынша тұрғындарға 500-дей баспана бөлу көзделген.
Мырзағалиевтер отбасы бұрын басыбайлы баспанасы болмай, туыстарымен тұрып келіпті. Отағасы Әділтайыр кезекке сонау 2010 жылы студент кезінде жетім бала ретінде тұрған. Одан беріде отау құрған, 4 баланың әкесі атаныпты. Енді міне, көптен күткен қонысқа да қол жетті.
Әділтайыр Мырзағалиев, Орал қаласының тұрғыны:
- Иә, қуаныш бөлек шынымен. Мұндайды тіпті қаншама жыл жұмыс істеп, қол жеткізе алмай жүрген азаматтар да бар. Арман ғой кәдімгі. Аппақ, керемет, тап-таза. Қуанышымызды сөзбен жеткізе алмаспыз. Әлі күнге дейін езулерімізді жия алмаймыз.
Жанар Сүйінғалиева, зайыбы:
- Баршаңызға жұғысты болсын осындай қуаныш! Өте қатты қуаныштымыз. Осы үй тек қуанышқа, шаттыққа толы болсын.
Жалға берілетін пәтерлерді бөлу функциясы былтырдан бастап «Отбасы банкке» берілгені белгілі. Жыл соңына дейін Орал қаласында 200 пәтерді жалға беру, 1000 пәтерді несиелік негізде беру жоспарланған.
Нұржан Қалишанов, «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалының директоры:
- Тұрғын үй кезегін жүргізу және пәтерлерді бөлу функциялары «Отбасы банкке» берілген болатын. Бүгін сол жұмыстың алғашқы жемістерін көріп отырмыз. Бұл жерде тұрғын үйді салу және сатып алу жергілікті әкімдіктің құзіретіндегі іс. Қоныс той иелерін шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы қазір облыс бойынша бізге 500-ге жуық пәтер берілді. Оның ішінде аудандар да бар. Азаматтардың кезекке тұрған уақыты бойынша кезектілік бойынша әділеттілік приципімен берілетін болады.
Бүгінде Орал қаласында пәтер кезегіне 27 мың адам тіркелген. Кезектегі тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #Ұлыстың ұлы күні #Орал #отбасы #баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz