Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Наурыз – тазару, жаңару уақыты екенін еске салды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осыдан 2 жыл бұрын қолға алынып, бүгінде мемлекеттің мызғымас идеологиясына айналғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Жер-Ана түлеген шақта конституциялық реформаның орын алуының да маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы өңірдегі зиялы қауыммен де кездесті.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Тасын түртсең, тарихы сөйлей жөнелетін Түркістан әз-Наурызды биыл ерекше қарсы алып отыр. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, күннің нұры молынан төгіліп, сар самаурын қайнап, дастархан жайнады. Мемлекет басшысы бүгін Тұран төріне табан тіреп, мерекені жергілікті халықпен бірге қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын. Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы. Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы кесене аумағында жерленген ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен басқа да әйгілі тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті. Содан соң Түркістан облысының жұртшылығымен кездесті. Жиында Президент Мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізілетінін мәлім етті. Жуырда Жарлыққа қол қойылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден, Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын.
Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры
- Осының бәрі Түркістан жеріне, Түркістанды ту еткен түркі халықтарына, ғұламалардың ғұламасы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың интеллектуалды және рухани мұрасына берген құрметі. Тарихи әділ баға беріліп отыр. Бұл түркістандықтарға мереке қарсаңында үлкен қуаныш сыйлады.
Киелі Түркістан – тарихи шешімдер қабылданған қойнауы қазынаға толы мекен. Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Үш жүздің биі бас қосып, бір тудың астына жиналды. Бұл елдік пен ерлік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысы осы өлкеде болған еді. Келесі келелі жиын да Түркістанда өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекет басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек. Түркістан Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Президент ұлық мерекеде ұлттың ұл-қызына қарата сөз айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз.
Жеңісбек Мәленқұлов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қасиетті Түркістан топырағына қош келдіңіз! Биылғы жыл мемлекетіміз үшін тарихи кезең болды. Күні кеше ғана халық болып, белсенділік танытып, жаңа Ата заңымызды бекіттік. Сіздің халықаралық деңгейдегі биік беделіңіз, көреген саясатыңызды бүкіл әлем мойындап отыр. Мұны қазақ халқы үлкен мақтаныш пен мәртебе деп есептейді. Бүгінгі жоғары марапат үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Алия Қасымбек, PhD доктор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетінің деканы:
- Мен кезінде сіздің бастамаңызбен іске асырылған «500 ауыл» жобасының алғашқы түлектерінің бірімін. Бұл жоба еліміздегі ғалымдарға әлемдік озық тәжірибені меңгеруге жол ашты, әлі ашып та келеді. Сол ғалымдардың атынан сізге үлкен алғысымды білдіргім келіп тұр.
Былтыр өңірдің экономикасы 14 пайызға өсіп, салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Елді мекендердің барлығына жуығы ауыз сумен қамтылған. Облыс халқының 90 пайызға жуығы газбен қамтылған. Бұған қоса, 83 әлеуметтік нысан ашылды. 16 білім ордасы салынып, ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аймақ қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл – біздің негізгі жетістіктеріміздің формуласы. Сондықтан экономиканы нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын басты стратегиялық нысан болып қала бермек. Қазір Қазақстанда өзгерістер кезеңі.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Иә, бұл Наурыз бұрынғы Наурыздан өзгерек. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жаңа Ата заң қабылданып, Табиғат-Ана жаңарған шақта еліміз де дамудың жаңа жолына түсті. Осылайша, ер Түріктің бесігі қайта тербелді.
Тегтер #Тоқаев #Мемлекет басшысы #Түркістан облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz