Әз-Наурыз Павлодар өңірінде де кеңінен тойланып жатыр. Орталық алаңға ақ боз үйлер тігіліп, мерекелік думанның көркі қыза түскен.
Табиғат түлеп, жүректерге жылулық пен үміт сыйлайтын ұлық мерекені көпшілікпен бірге біздің тілшілеріміз де қарсы алуда.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Наурыз мерекесін тойлауды павлодарлықтар кеше-ақ бастап кеткен болатын. Қаланың шағын аудандарында,саябақтарда киіз үйлер тігіліп, түрлі мерекелік шаралар кең ауқымда ұйымдастырылып жатыр. Ал бүгін ұлық мерекені қарсы алу үшін тұрғындар орталық алаңға ағылуда. Дегенмен заман ағымына сай Наурыз тойының форматы өзгерген. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға басымдық берілгені байқалады. Әсіресе жергілікті оқу орындарының бірі ұсынған "IT ORDA" жобасын тамашалаушылардың қарасы қалың. Алты қанатты ақ орданың ішінде заманауи технология мен ұлттық салт-дәстүр үйлесім тапқан ерекше кеңістік қалыптасқан. Келушілердің ерекше қызығушылығын робот-келін мен виртуалды тайқазан тудырып отыр.
Бейбіт Паруаз, колледж студенті:
- Бұл – шынымды айтсам, Қазақстандағы қателеспесем, бірінші адам кейпіндегі робот. Ең бірінші менің моделім робот–парти болған еді. Оның жалпы мақсаты – регистратурада тұру және адамдармен диалог құру. Оның қолында толықтай сегіз қозғалу дәрежелері орнатылған еді. Көздерінде бейнебақылау мен машиналы көзқарас және беті толықтай силиконмен қапталыс, сөйлеу мәнері болған еді. Жалпы мәдениетімізді, тілімізді сақтап қалу үшін бүкіл дәстүрімізді насихаттау үшін жасалған.
Сонымен қатар Наурыз мерекесі қарсаңында оқушылар арасында "Nauryz Smart City" облыстық байқауында үздік деп танылған жұмыстар анықталады. Ал мерекені тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтары үшін Орталық алаңда киіз үйлер қалашығы бой көтерген. Мұнда қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық киімдердің сән үлгілері көрсетілуде. Ұлттық ойындар мен концерттік бағдарламалар мерекенің сәнін келтіріп, ерекше көңіл күй сыйлауда.
Тегтер #Наурыз мейрамы #жасанды интеллект #ПавлодарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz