RU
Толық нұсқаға өту

Қызылордада 5 мың көшет егіледі. LIVE

23.03.2026, 11:50 78

Қызылордалықтар бүгін 5 мың түп көшет егеді. Осылайша берекелі Наурыз мейрамын экологиялық акциямен түйіндейді.

Сонымен қатар облыс орталығы мен барлық аудандарда тұрғындар қоршаған ортаны ретке келтіруге бір кісідей жұмылды. Қазір әріптесім Нұрлан Жақыпбеков осы шараның ортасында жүр. Биылғы «Тазару күнінің» ауқымы мен ерекшелігі қандай?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Иә, «Тазалық — табалдырықтан басталады» демекші, әр ауланың мұнтаздай болып, жасыл желекке орануы - қаланың тыныс-тіршілігін түлетуге тікелей әсер ететіні белгілі. Қазір біз қаланың кіреберіс қақпасы саналатын Белкөл кентінің маңындамыз. Дәл осы жерде экологиялық акция аясында 5 мың түп көшет егіліп жатыр. Бұл - қала сыртына «жасыл белдеу» жасау жоспарының бір бөлігі.

Шараға мекеме ұжымдары, еріктілер мен тұрғындар бір кісідей атсалысуда. Мамандардың айтуынша, жергілікті ауа райына терек, үйеңкі, қарағаш пен Сыр талы өте қолайлы. Бұл ағаштар аптап ыстық пен қатал климатқа төзімді келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде бірнеше жылдан кейін қаланың кіреберісі саялы баққа айналмақ.

Мәріп Акбар, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдын ала түгендеу жұмыстарын жүргізгенімізде, осы жасыл желекке 18 мың көшет егілген болатын. Қазір түгендеу жұмыстарына сәйкес, осы кезде бұл жерде 11 мың талдың өсіп тұрғаны анықталды. Жетіспейтін барлығы 7 мың тал көшеттерін осымен толықтыру жұмыстарын бастаудамыз. Қалалық орман шаруашылығы мекемесінің күшімен, өз аумақтарында алма бақ ұйымдастырудамыз. Қазіргі таңда 3 мың дана алма көшеттерін алдырып, оларды да егу жұмыстары жүргізілуде. Біз жылына 200 мыңның үстінде көшет егетін боламыз. Орман шаруашылығы мекемелерінде 158 гектар жерге уақытша, 33 жарым гектар жерге тұрақты тұқымбақ ұйымдастырылды.

Мұнан бөлек өңірде «Мөлдір бұлақ» акциясы да басталды. Оның аясында Сырдария өзенінің жағасы тазаланады. Жалпы тал егу және тазалық жұмыстарына жүздеген адам қатысуда.

Мамандардың айтуынша, экологиялық акция алдағы уақытта облыс орталығымен бірге барлық аудандарда жалғасады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz