Домбыра - қазақтың ұлттық мұраларының бірі. Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде әлемді бағындыра бастады.
«Наурызнама» қарсаңында домбыраның үнін әлем тыңдады. Алматыда 11 мың 500 оқушы бір сәтте күмбірлете күй шертіп, ресми түрде Қазақстан рекордын жаңартты. Бұл ғана емес, ұлттық аспабымызды дәріптеп жүргендер көп.
Күмбірлеген домбыраның үні ежелден батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Қазақ киелі санаған қос ішекті аспап қазірде әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынаға айналған. «Наурызнама» қарсаңында алматылық 11 мың 500 оқушы арнайы дайындалған музыкалық попурриді бір мезетте орындап, бір сәтте рекорд жаңартты. Осылайша «Домбыра үні» флешмобы мерекенің маңызын еселей түсті.
Сәкен Аралбаев, қалалық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Біздің қара домбырамыз ол төл мәдениетіміздің мәйегі, брендіміз деп айтуға болады. Бүгінгі іс-шараға дайындықты біз бірнеше ай бұрын бастап кеткен болатынбыз.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
- Бұл деген біздің халқымыздың аспабын дәріптеген, салт-дәстүрін жоғары қойған жағдайын көріп отырмыз. Наурыз құтты болсын!
Бес мың адам «Ақбұлақ» әнін бір мезетте орындады
Төр Алтай да Әз-Наурызды биыл ерекше бір ықыласпен қарсы алды. Шығыс Қазақстан облысында 5 мың адам «Ақбұлақ» әнін бір мезетте орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енді. Иісі қазаққа мәшһүр Ақбұлақты асқақата шырқауға жас та, кәрі де белсене қатысып, өз үлестерін қосты. Сөйтіп шаһар аспаны бір мезетте әуезге бөленіп, домбыра күмбіріне көмкерілді.
Ринат Ахметжанов, қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Наурыз мерекесі аясында болғандықтан, 5 мыңнан аса халық орталық алаңға жиналып, Гиннесс рекордттар кітабын жаңғырттық. Осылайша меже орындалды.
Корей жігіті домбыраны жанына серік еткен
Рудный қаласының тұрғыны Марк Ли қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік еткен. Жас өнерпаз 60-тан астам күйді нақышына келтіріп орындайды. Қазақ өнеріне деген қызығушылығы оны талай байқауларда жеңіс тұғырына шығарды. Жас күйші алдағы уақытта халықаралық байқауларға қатысып, қазақ күйін әлем сахналарында орындауды мақсат етіп отыр.
Марк Ли, Рудный музыкалық колледж студенті:
- Махамбет бабамыздың күйлері өте рухты, адам бойына қайрат, жігер береді. Сол үшін жаныма қатты өте жақын болып келеді. Махамбет бабамыздың күйлерінің ішінде менің репертуарымда «Жорық», «Жауға шапқан», «Жұмыр қылыш» атты күйлері бар.
30 мыңға жуық домбырашы «Күй күмбірі» челленджіне қатысты
Сонымен қатар Павлодар облысында дәстүрлі «Күй күмбірі» музыкалық челленджіне барлық мектептен 30 мыңға жуық домбырашы қатысты.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған мәдени шара жастардың ұлттық өнерге деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Жас орындаушылар қазақтың көрнекті композиторларының таң-даулы күйлерін орындап, ұлттық мұраны насихаттауға зор үлес қосты.
Айнұр Қуатқызы, өңірдегі тілшілердің көмегімен
Тегтер #домбыра #рекорд #Гиннесс кітабы #күй #наурызнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz