RU
Толық нұсқаға өту

Елорда жастары «Тазару күні» эстафетасына белсене қатысты

23.03.2026, 20:32 45

Биыл елде «Тазару күніне» орай табиғатты түлетуге бағытталған берекелі іс басталды. Республикалық эстафета үйреншікті экологиялық акциялардың аясынан шығып, тереңірек мәнге ие болды.

Яғни айтулы күні қарапайым көше тазалығына ғана мән бермей, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға ден қойылды. Бүгін бұл қозғалысқа елорда жастары да білек сыбана кірісті.  

Наурызнама онкүндігінің соңғы шарасы «Тазару күні» деп аталады. Бұл күннің олай аталуы тегін емес. Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Ол тек айналаны қоқыстан тазартуды емес, рухани жаңарып, ой-сананың, ниеттің тазаруы. Бүгін бұл бастаманы елордалық «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері де қолдады. Белсенділер бұл әрекеті арқылы халықты қоршаған ортаға қамқорлық танытуға үндеуді көздейді.

Диана Жолмұхамбетова, қалалық «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі:

- Біз осындай пайдалы әдеттер күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналғанын қалаймыз. Сол үшін белсенділер ауа райының қолайсыздығына қарамай сенбіліктерге шығып, қоғамдық орындарды қоқыстан тазартамыз. Негізі тазалық әр адамның өзінен басталады. Егер бәріміз қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарасақ , таза әрі гүлденген мемлекетке айналамыз. Сондықтан қоқыс тастамай, айналамызды таза ұстайық.

Кейінгі жылдары елімізде экологиялық қозғалыс белең алды. Соның айқын мысалы ретінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын айтуға болады. Ол азаматтардың экологиялық көзқарасын қалыптастыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамытуға бағытталған. Экология министрлігінің дерегінше, былтырдың өзінде акция аясында 844 мың тонна қалдық жиналды, 1 млн-нан аса аумақ тазартылды. Экологиялық шараларға барлығы 7 милионға жуық адам қатысты.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

- Таза Қазақстан акциясын айтатын болсақ, былтырғы жылы 1 млн 300-ге жуық адам қатысты. 1 млн-ға жуық ағаш егілді. Бұл – өте жақсы тәжірибе, жақсы практика. Осыны біз әрмен қарай жалғастырайық. Былтыр млн болса, биылғы жылы осыдан асыруымыз қажет. Әр азамат өзінің есік алдында бір ағаш егіп, өсіретін болса қандай керемет. Біздің жалпы өңіріміз күннен күнге көгере береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін халыққа Үндеуін жариялап, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын бастап берді. Бұл «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қолға алынды. Алғашқылардың бірі болып Оңтүстіктегі бес өңір бұлақтардың көзін ашуға кірісіп кетті. Экологиялық акцияға белсенді азаматтармен қатар өңір әкімдері, ведомство басшылары да қатысып жатыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- 15 наурыз күні бүкіл Қазақстан референдумға қатысып, Ата заң, конституцияның жаңа мазмұнын қабылдадық. Ол жерде де көрсетілген. Жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, оның ішінде табиғатты аялау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Сондықтан осы жерге жиналып, министрліктің ұйымдастыруымен, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бүгін осындай акцияны өткізіп жатырмыз.

Алғашқы күні-ақ игі бастамаға үш жарым мың азамат қатысып, 28 бұлақтың көзі ашылды. Бұл азаматтардың экологиялық мәдениетін күшейту мақстатында мемлекет пен қоғамның тізе қосып әрекет етуінің нәтижесі.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Медет Қуанышбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz