RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» арнасы жаңа түрік телехикаясын ұсынады

24.03.2026, 17:26 41

Жуырда «Хабар» арнасында жаңа телехикая. Тағдыр мен таңдау тақырыбын арқау еткен «Эшреф» түрік телесериалы көрерменге жол тартады. 

Тартысқа толы психологиялық драманың түсірілімі Ыстамбұл қаласында былтырдан бері жүріп жатыр. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- «Eşref Rüya» телехикаясының түсірілімі жалғасып жатыр. Дәл осы бір қысқа пәрменнен кейін алаңда тыныштық орнайды. Камера қосылып, актерлер бір сәтте кейіпкер болмысына енеді. Дәл осылай телехикаяның әр эпизоды дүниеге келеді. Ал әрбір сахна бірнеше рет қайталанады. Себебі түсірілім барысында режиссер эмоцияның шынайылығы мен әр сәттің психологиялық дәлдігіне ерекше көңіл бөледі.

Бұл түріктің белді әртістері – Шағатай Ұлысой мен Демет Өздемир. Қос актердың есімі қазақ көрерменіне жақсы таныс. Олар телехикаяда басты рөлдерді сомдайды. Сюжет желісі өткеннің ауыр жүгін арқалаған Эшреф арқылы өрбиді. Сырттай салқынқанды, шешімге берік көрінгенімен, оның жан дүниесінде жазылмаған жара бар. Өмірлік қағидасы Нисан есімді аруды жолықтырғаннан кейін сынға түседі. Ал Нисан – нәзік болмысына қарамастан, ішкі беріктігімен ерекшеленетін кейіпкер. Ол сезім мен ақылдың арасында таңдау жасайды. Қос кейіпкердің жолы тоғысқан сайын, өткеннің құпиялары ашылып, оқиға шиеленісе түседі.

Сериалда бауырластық пен адалдық, достық тақырыбы да көрініс табады. Сол құндылықтарды ашатын – Мүслім образы. Бұл рөлді танымал актер Толга Текин сомдайды.

Толга Текин, актер:

- Мүслім – діндар адам. Бұрын Шешенстанда соғысқа қатысқан, қиындықты да көрген. Сатқындыққа талай куә болған. Түрмеде Эшрефпен танысады. Ешреф – Мүслім үшін барлығынан маңызды. Қажет болса, жанын беруге дайын. Жүрегі жұмсақ, бірақ қаталдығы да басым кейіпкер.

Жобадағы Ырмак кейіпкері де көрерменді ерекше баурап алады. Осы рөлді сомдайтын актриса Жерен Бендерлиоғлұның айтуынша, бұл образ өзінің табиғатына жақын. Жаны нәзік бола тұра, кейіпкері Ырмактың әр әрекетінен оның ішкі рухының мықтылығы, достыққа адалдығы телесериалда айқын көрінеді.

Жерен Бендерлиоғлұ, актриса:

- Сценарийді оқығанда әйел бейнесі әлсіз болса, ондай рөлден бірден бас тартамын. Бұл менің өз қадір-қасиетіме байланысты. Егер рөлді іштей қабылдай алмасам, онда жобаны таңдамауға тырысамын. Ал «Эшреф» телесериалында Ырмак образы өзімнің көңілімнен шықты. Сценарий сәтті жазылған, көрерменге айтары бар жоба. Мен дәл осындай ішкі күші мықты әйел образдарын жақсы көремін.

Көрермен үшін телехикаяның айтары көп. Сериалда Эшреф пен Нисанның тағдыры ғана емес, достық, бауырластық, адалдық сияқты құндылықтар көрініс табады. Актерлардың айтуынша, бұл түркі халықтарының ортақ дәстүрі, рухани тамырымен сабақтастасып жатыр. Сол себепті олар қазақстандық көрерменмен экранда кездесуге асық.

Толга Текин, актер:

- Біздің жобаларға тек Түркияда емес, түркі елдерінде де қызығушылық жоғары. Біз осы сенімді ақтау үшін бар күшімізді саламыз. Мақсатымыз – экран алдында сіздерді толғандыру, ерекше сезімге бөлеу. Бізді тамашалауды ұмытпаңыздар!

Жерен Бендерлиоғлұ, актриса:

- Қазақ көрерменінің түрік сериалдарына деген сүйіспеншілігін жақсы білеміз. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Жобамыз сіздердің жүректеріңізге жол табады деп сенемін.

Түркияда тартысқа толы телехикаяға деген көрермен қызығушылығы жоғары. Сұранысқа сай түсірілім де былтырдан бері тоқтаған жоқ. Келесі жылы үшінші маусымы жалғасын табуы мүмкін. Ал «Хабар» арнасы телехикаяны 30 наурыздан бастап орыс тіліндегі нұсқасын әр дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 17:00-де, ал қазақ тілінде 23:00 де көрермен назарына ұсынады. 

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz