Көлік көбейді, енді жөндем жол керек. Ұлытау облысында биыл 100 шақырымнан астам жол жөнделеді. Облыс қазынасынан 10 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Бұған қоса, аулаішілік жолдарды жаңарту мен абаттандыру жоспары бар. Бұл елдің орталығында орналасқан облыстың көлік-логистикалық әлеуетін қаншалықты жақсартады?
Биыл 4 жылға созылған «Жошы хан-Домбауыл» кесенелеріне баратын жолдың құрылысы аяқталады. Оған облыс бюджетінене 2 млрд-тан астам теңге бөлінді. Сонымен қатар Қаракеңгір өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылып, Сарысу өзеніне жаңадан көпір салынады. Бұл жұмыс Қызылжар ауылы тұрғындарының өтініші бойынша қолға алынды. Көктемде су тасығанда қатынас қиындап кететін. Бұдан бөлек өңірді Астанамен тікелей жалғайтын ескі жолдың 20 шақырымы жөнделеді.
Ерлан Түсіпов, Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл бастауға жоспарлап отырмыз. 2-3 жылдың ішінде аяқтаймыз деген жоспар бар. Ол жол мынау - «Жезқазған-Сәтбаев-Алғабас-Шұбаркөл-Баршын-Қорғалжын-Астанаға» шығатын төте жол. Сол жолға кірісеміз деп отырмыз.
Жезқазғанда 13 көшеде орташа жөндеу жасалады. Облыс орталығындағы көлік ағыны көп 3 көшенің жолы кеңейтіледі. Орталық даңғылдардан бөлек аулаішілік жолдарды жаңартуға да басымдық берілген. Себебі соңғы жылдары жерасты арқылы тартылған жылу желілерін ауыстыру кезінде бірқатар ауланың жолы бүлінді.
Рахат Жаншуақов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Мынау қайта кепкені. Бұған дейін нашар-тұғын. Жүре алмайсың. Шықсаң болды, саз болып кіресің үйге.
Мәдина Әжібекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Түріміз осы галошпен жүреміз, сазға батып. Енді әкімнен сұрайтынымыз, бір шешімін тауып берсін. Жолды салып берсе, нұр үстіне нұр болатын еді.
Әкімдіктегі салаға жауапты мамандар тұрғындар көтерген мәселе биыл шешімін табатынын айтады. Қаладағы осындай 12 аулаға 100 мың шаршы метрге жуық асфальт төселеді.
Нұрбол Садықов, қалалық Автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қаламыздың 12 орамында орамішілік жолдарды жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізу жоспарланып отыр. Оның 6-ауы бойынша біз қазіргі уақытта келісімшарт әзірленді. Мердігер бар. Жұмыстар ағымдағы жылдың сәуір айынан басталатын болады. Орамішілік жолға қазіргі уақытта 1 млрд 33 млн теңге бөлініп отыр. Алайда қажеттілік одан да аса түседі. Себебі басқа 6 орам бойынша сметалық құжаттама анықталғаннан кейін.
Жол жөндеу және абаттандыру бағытында Сәтбаев қаласында да ауқымды жұмыстар жоспарланған. Кеншілер шаһарында 16 көшенің жолына жөндеу жасалады. Сонымен қатар қаланың төменгі бөлігінде орналасқан бірнеше аула абаттандырылады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева
Тегтер #жол жөндеу жұмыстары #көлік #облыс #бюджет #Ұлытау облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz