Шығыс Қазақстан облысындағы металлургиялық кәсіпорын жасанды интеллектіні іске қосып жатыр. Мақсат – атом өнеркәсібіне қажетті металлург-мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру.
Болашақта реакторларға арналған бөлшектер өндірісін ұлғайтып, жаңғырту үшін жергілікті зауытқа жаңа буын шеберлері қажет. Өйткені Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы құрылысының алғашқы кезеңіне 10 мыңнан астам маман жұмылдырылады деген жоспар бар. Бұл мамандарды кәсіпорындар өздері дайындайды.
Бұл студенттер түрлі механизм үлгілерін барлық проекцияда құрастырып, металлургиялық кешендерге арналған бөлшектерді жобалайды. Бүгінде шығыста болашақ инженерлер заманауи компьютерлік жабдықтардың және жасанды интеллектінің көмегімен дайындалуда. Нәтижесінде студенттер күрделі өндірістік құрал-жабдықтардың сызбаларын жедел және дәл жасай алады. Оқу орындарын заманауи техникамен және ғылыми зертханалармен кәсіпорындардың өзі жабдықтап отыр.
Ернар Іргебаев, ШҚО Жоғарғы техникалық-гуманитарлық колледжінің директоры:
- Бүгінгі таңда Үлбі металлургия зауытымен 2-курстан бастап тәжірибе алмасу қатты жұмыс істеп жатыр. Дуальді оқытылуда. Қазіргі таңда әр цехта балаларды алдын ала келісімшартпен алғаннан кейін балалармен цифрлық жағдайда, ИИ мен жұмыс істеу қазіргі техниктерге өте маңызды.
Зауыт іске бейімі бар студенттерге шәкіртақы төлейді. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Бүгінде Қазақстан өнеркәсібіне 40 мыңнан астам білікті маман жетіспейді. Бұл жастар сол олқылықтың орнын толтырмақ.
Әди Жармұамбетов, ШҚО Техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті:
- Металлургия зауытында ең бірінші уран өндірісіне барған болатынмын. Уран өндірісінде лобарант болып жұмыс істегем. 2 айлық практикалық өндіріс өте жеңіл болды және көптеген мәліметтер әкелді. Сол мәліметтер арқылы мен өзіме жақсы, керекті заттарды ойыма сақтап алдым.
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу мен пайдаланудың бастапқы кезеңінде химиктер, жылу энергетиктері және жобалаушы инженерлері секілді 10 мыңдай маман қажет. Олар стансаның құрылыс алаңдарында ең сұранысқа ие мамандар.
Сонымен қатар Өскемендегі металлургия зауыты реакторға арналған жылу бөлгіш құрамалар мен отын элементтерінің желісін жаңғырту жобасын дайындап жатыр. Бұл өнімдер отандық кәсіпорындардың шетелдік серіктестеріне де қажет. Технологиялық желі жаңартылған соң зауытқа 100-ден астам жаңа қызметкер тартылады.
Сергей Бежецкий, Өскемен Металлургия зауытының директоры:
- Өткен жылы бізге отын таблеткаларын пресстеуге арналған «Куртуа» прессі келді. Жалпы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір қытайлық компаниялармен келіссөздер басталды. Келіссөздің басталуы біздің және қытайлық серіктестеріміздің өндіріс көлемін ұлғайтуға дайын екенін көрсетеді.
Зауыт басшылығы өндіріс көлемін арттырумен бірге кадр мәселесін де қатар шешуде. Бүгінде еліміз бойынша 700 кәсіпорын 30 білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысып, жас мамандарды қайта оқыту қажеттілігін азайтуға бағытталған жұмысты бастады. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде 544 мамандық бойынша 88 жаңа стандарт пен талаптар әзірленуде.
Арыстанбек Кенже, Вячеслав Ветлугин мен Жігер Бабақанов
Тегтер #металлургия #кадр #ЖИ #өндіріс #зауыт #ШҚОPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz