Шымкентте жұмыссыз азаматтар сұранысқа ие мамандықтарды оқып, үйрене алады. Бұл үшін тіпті шәкіртақы немесе жұмыс орныңнан жалақы төленеді.
Күндізгі оқумен қатар қашықтан білім алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Биыл қысқа мерзімді курстардың тізімі кеңейді. Өйткені қалада жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді.
55 жастағы Ғалия Мүсірәлиева жұмыс тауып қана қоймай, кәсіби біліктілігін шыңдауды жөн санаған. Ол қалалық мансап орталығы арқылы тігін курсына жолдама алды. Бұл кәсіп Ғалия Мүсірәлиева үшін бөтен емес. 26 жыл бұрын тігіншілікпен айналысқан ол бір кездері сырқатына байланысты жұмыстан қол үзіпті. Енді жаны қалайтын мамандыққа қайта оралды.
Ғалия Мүсірәлиева, қала тұрғыны:
- Бұрын тігін шеберханасында жұмыс істедім. Ауырып қалғаннан кейін үйде отырдым. Енді қайтадан тәжірибемді толықтырып, жұмысқа қосылғым келеді.
Мегаполисте Ғалия секілді оқуға ден қойып, жаңа мамандықты меңгергісі келетіндер көп. Қазір өңірде сұранысқа ие мамандықтар тегін оқытылуда. Жұмыссыздар оқу орталықтарында ғана емес, кәсіпорындарда да білімін жетілдіре алады. Курстардың ұзақтығы - 3 ай. Осы уақыт ішінде жобаға қатысушыларға мемлекеттен қаржылай қолдау да көрсетіледі.
Дария Ордабаева, Мансап орталығының басшысы:
- Бұл жерде екі түрі бар қысқа мерзімді және жұмыс орнындағы оқу. Жұмыс орнындағы оқуда тек қана оқымайды, бірге жұмыс жасап жатады. Айлығын алып жатады 86 мың теңгесін үш ай бойы. Ал үш айлық қысқа мерзімді оқуда ол жерде оқу орындарына барып, стипендия алып 46 мың теңгесін, үш ай оқып одан кейін жұмысқа орналасады.
Мамандықтар тізімі жұмыс берушілердің сұранысы негізінде жасалады. Қазір аспаз, кондитер және есепші мамандарға сұраныс жоғары. Биыл бұл тізім киім дизайнері мамандығымен толықты. Қалада жеңіл өнеркәсіп дамып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Сондықтан кәсіпорындарға білікті мамандар қажет.
Динара Рақымбекқызы, тігін фабрикасының директоры:
- Бір ай бізде теория болады. Теориядан кейін арнайы тігін технологиясын үйретеміз. Жұмыс процессін үйретеміз және де үшінші, төртінші айында арнайы машинкаларда отырып, толыққанды киімді шығара алатындай ғып дәрежеге жеткіземіз. Біздің мақсатымыз – сапалы киім шығару.
Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, тегін оқудан өткен түлектердің 60 пайызы жұмысқа орналасады. Биылдың өзінде алғашқы лекпен 400-ден аса адам біліктілігін шыңдап, курстарды тегін оқиды. Бұл жұмыссыз азаматтардың тұрақты табыс табуына үлкен мүмкіндік.
Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #жұмыссыздық #мамандық #шәкіртақы #жалақы #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz