Елден тысқары жерде жүріп, балаларына алимент төлеуден жалтарғандардың жолы кесіледі. Енді Қазақстан соты алимент өндіру туралы бұйрық шығарса, ол ТМД елдері аумағында заңдық күшке ие болады.
Мәселен, кейінгі 5 жылда шетел асып, балаларына алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 47 миллион теңгеден асып жығылған. Бұл көрсеткіш трансшекаралық алимент өндірудің қиындығын және тиімді құқықтық шешімдердің маңызын айқындап отыр. Осылай деген сенаторлар бүгін “Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық конвенцияға өзгерістер енгізу туралы” екі бірдей маңызды хаттаманы ратификациялады. Аталмыш заңдар балалардың мүддесін қорғауда халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты нығайтады. Сондай-ақ алименттік міндеттемелер бағытындағы ортақ стандарттардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қаралған хаттамалар Минск және Кишенев конвенцияларына қосылған елдерде балаларға алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсатпен сот бұйрықтарын тану бөлігінде қажетті түзетулер енгізіліп отыр. Бұл түзетулер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттырады деп сенеміз.
Тегтер #балалар #ынтымақтастық #алиментPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz