Көктемгі тасқынның салдары Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында қатты сезілуі мүмкін.
Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстары сары аймақта тұр. Бұл туралы Төтенше Жағдайлар министрлігі хабарлады. Қазір апаттың алдын алу бойынша жауапты ведомстволардан құрылған штаб тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бөгендер салынып, арықтарды тазалау нәтижесінде 736 елді мекенде қауіп сейілген. Десе де 272 ауыл-аймақта мәселе әлі де өзекті.
Әсет Жылқайдаров, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары:
- Елді мекендерден 7 млн астам текше метр қар шығарылды. 126 мың тонна жанар-жағармай, 374 мың тонна инертті материал, 4,5 млн қапшық дайындалды. Жалпы ауданы 575 мың шаршы метрді құрайтын 192 учаскеде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынына қарсы жұмыстардың жайын баяндау үшін жиынға «Қазгидромет» пен Су ресурстары және ирригация министрлігі де қатысты. Жауапты ведомстволардың барлығы тасқынға сақадай сай дайын екенін жеткізді. Бүгінде ел аумағында 400-ден аса су қоймасы бар десек, олардың ешқайсысынан әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Өңірлердегі бұл орындардағы тіршілік нәрінің толу деңгейі 60 пайызды құрап отыр.
Ерлан Жұмабаев, Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің басқарма басшысы:
- Су қоймаларының жұмыс істеу режимі 10 күн сайын «Қазгидромет» берген болжамдарына сай өзгертіп, түзетіп отырамыз. Қазіргі таңда ондай қауіп жоқ. Біз көріп тұрған жоқпыз.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz