RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да құтқарушылар қауіпті аймақтарға аттанды

27.03.2026, 19:25 38

Солтүстік Қазақстан облысында Сілеті өзені арнасынан асып, екі ауылға қауіп төнді. Қазір құтқарушылар Уәлиханов ауданында жүр. 

Олар Қаратал және Қулыкөл елді мекендері аумағында мұз жару жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Биыл облыс бойынша су басуы мүмкін деген 112 елді мекен бақылауға алынды. Ол жерлерде жеті мыңға жуық адам тұрады. Қазір арнайы шұғыл әрекет ету тобы құрылған. Көмекке өзге өңірлерден де қосымша күш тартылды.

Әсет Шайкин, ТЖД бөлім бастығы:

- Тасқынға қарсы дайындық шараларына Алматы облысының бір топ сарбазы көмекке келді. Олар Қызылжар ауданы мен Петропавлдағы Заречный кентінде инертті материалдар дайындап, қорғаныс бөгеттерін нығайтып жатыр.

Өңірде 19 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Мамандар өзен-көлдердің деңгейін бақылайды. Әзірге Есіл өзеніне құятын Сергеев су қоймасы ернеуінен асқан жоқ. Судың бөгеттен асуына 27 сантиметр қалды.

Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК филиалының бөлім басшысы:

- Негізгі гидрологиялық болжам бойынша, биыл Сергеев су қоймасы 2,6 млрд. текше метр су қабылдайды. Бұл былтырмен салыстырғанда 26 пайызға аз. Қазір даладағы қар тез еріп жатыр. Сондықтан кейбір жолдарды су басуы мүмкін.

Есіл өзені өтетін 7 аудан мен Петропавлдың өзінде мұз жару жұмыстары атқарылды. Бұған жергілікті бюджеттен 83 млн теңге бөлінді. «Бұл қалың мұздың ерте сөгіліп, тез ыдырап кетуіне мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Өңірде көктемгі тасқынға қарсы 37 инженерлік шара атқарылды. Облыс бойынша 23 шақырым бөгет салынып нығайтылды. Сонымен қатар арықтар тазартылып, су өткізгіш құбырлар орнатылды. Ал синоптиктердің айтуынша, өзен-көлдер еріген қар суынан сәуірдің басында көтеріле бастайды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz