RU
Толық нұсқаға өту

Астанада 8 млн текше метр қар күрелді

27.03.2026, 20:07 55

Астана қаласы әкімдігінің мамандары осылай дейді. Десе де күн жылығалы ақ ұлпа еріп, сай-саланы су басты. 

Көлкіген қар суынан аяқ алып жүру қиын. Бірнеше күннен бері бас қала көшелерінде көлкіген су пайда болып, жаяу жүргіншілерге, жүргізушілерге қиындық тудырып жатыр. 

Бұл бас қаладағы басты бағыттардың бірі – Сығанақ даңғылымен қиылып жатқан көшедегі көрініс. Аяқ алып жүру қиын. Дегенмен құзырлылар да қол қусырып отырмағанын айтады. Қыс бойы қар күреп, бүгінде еріген суды сорып жатыр. 

Биыл 8,5 млн текше метр қар күрелді. Бұл – бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Былтырғы қыс маусымында 8,3 млн, ал 2023 жылы 7 млн текше метр қар қала сыртына шығарылған еді. Көрсеткіштің көбеюіне жауын-шашынның көп түсуі мен қала аумағының күн санап артып келе жатқаны себеп. Жауаптылар осылай дейді.

Олжабек Бейісов, Астана қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Қар тазалау жұмыстары екі тәуліктік мезгілде жұмыс жасайды. Яғни күні-түні жасап жатыр. Екпінді осы қазір қаланың тұрғын алаптарына бұрып отырмыз. Ол яғни шеткі аймақтар. Себебі осы қардың келуі, судың келуі осы шеткі аймақтардан басталады. 

Қар күреуге 2 мың техника мен 3 мың қызметкер жұмылдырылды. Астанада мұндай қызмет түрімен 160-қа жуық компания айналысады. Олар бас қаланың бюджетінен қаржыландырылады. Біз бұл мақсатқа қанша қаржы қаралғанын сұратқан едік. Әкімдіктен мардымды жауап ала алмадық. Ал ашық ақпарат көздерінде 2018 жылғы қаржы көлемі жазылған. Мәселен, 2018 жылы қарашада жарияланған жазбада Астана билігі қала көшелерін қардан тазартуға 13 миллиард 921 миллион 301 мың теңге бөлді делінген. Биыл көрсеткіш көбеймесе, кемімесі белгілі. 

Олжабек Бейісов, Астана қалалық Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Проблемалық учаскелер бар. Қалада қазір 18 учаскені байқап отырмыз. Бұл 18 учаскеге техника мен адамдар жұмылдырылып, бақылауда ұстап отырмыз. Басында атап өткендей, бұл – шеткі тұрғын аймақтар, ескі құрылыстар, 50-60 жыл бұрын салынған үйлер. Су тасқыны болуы мүмкін проблемалы учаскелер деп соларды айтуға болады.

Биыл былтырғыға қарағанда қар аз түсті. Дегенмен орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл жайлы «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі хабарлады. 2025-2026 жылғы қысқы маусымда қар жабынының орташа биіктігі 42 см-ге жеткен.

Аружан Мұратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

- Соңғы бірнеше жылда Астана қаласында қар жамылғысы биіктігінің қалыңдығы әртүрлі деңгейде қалыптасып келеді. Орташа көрсеткіш шамамен 42 см болса, ең төменгі мәні 36 см болған. Ал ең жоғарғысы 51 см-ге жеткен. Жылдар бойынша айтсақ, 2022-2023 жылы қар жамылғысының биіктігі 37 см болды, 2023-2024 жылы 36 см төмендеді. Ал 2024-2025 жылы қысқа керісінше, көрсеткіш 51 см жетіп, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz