Ақмола облысында Қалқұтан өзенінің арнасы кеңейтіліп, түбі 5 метрге дейін тереңдетіліп жатыр.
Бұл жұмыстар су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынды. Жалпы өңірде осы бағытта қандай шаруалар тындырылып жатыр?
Қалқұтан өзенін тазалау жұмыстары бір ай бұрын басталған. Жоспарға сәйкес, су айдынының 21 шақырымы тазартылмақ. Қазір соның 4 шақырымы орындалды. Жалпы бұл өзен тасыса екі елдімекендегі қауіп төндіреді. Соның бірі ескі Колутон ауылы.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Астрахан ауданына қарасты ескі Колутон ауылының тұрғындары былтырғы көктемді әсте ұмыта қойған жоқ. Себебі елді мекендегі 30-дан астам үйге су кірген еді. Қазір ауылда қар шығару жұмыстары қарқын алған.
Жанатхан Дәулеткерей, Ескі Колутон ауылының әкімі:
- Қар шығару жұмыстарына 3 миллион бөлінді. Қазіргі кезде 684 мың куб қар шығарылды. Бұл ауылға мынау біздің шығарып жатқан қардың, ауылдың ішкі қары болсын, даладағы қар болсын ешқандай қаупі жоқ. Бұл ауылға қауіп бес ауданнан келеді.
Жақын маңдағы бес ауданнан келетін дала суының бәрі осы өзенге келіп құяды. Кейін су деңгейі көтеріліп, ауылға жайылады. Қазір мұнда 500-ден аса адам тұрады.
Галина Пидяшова, Ескі Колутон ауылының тұрғыны:
- Жігіттер күні-түні жұмыс істеп жатыр. Өзен арнасы кеңейтіліп, бөгеттер салынуда. Жергілікті тұрғындар да құм қаптап барынша көмектесіп жатыр. Бұл қауіпті сейілтеді деген үміттеміз.
Атбасарлықтар да қауіпсіздік шараларын күшейтті. Қазір шағын шаһардағы Жабай өзенінің жағасы нығайтылып жатыр. Бұл жұмысқа әскери қызметкерлер де тартылған.
Диляр Данияров, аумақтық қорғаныс бригадасының қызметкері:
- Қазір құм қаптау жұмыстарына 20 адам жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 10 мың қап әзірлеп қойдық. Сондай-ақ құрамның қалған жартысы Есіл ауданында осындай жұмыстар атқарып жатыр.
Ал жылда таситын Жабай өзенін тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Су айдының тазартып, түбін тереңдетуге 10 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Қар шығару және бөгет салуға да қосымша қаржы қарастырылған.
Кенеш Әлімжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- Қосымша бөлінген 200 млн теңгеге бөгеттерді нығайтып, су өткізу құрылғыларын орнаттық. 200 мың текше метр қар шығардық. Қазір біртіндеп қала ішіндегі еріген қарды өткізіп жатырмыз. Енді дала суын күтіп отырмыз. Бар күш соған жұмылдырылады.
Қазір аймақтағы бірқатар өзен-көлде су деңгейі көтеріле бастады. Бірақ әзірге ешқандай елдімекенге қауіп төніп тұрған жоқ, дейді мамандар. Синоптиктер күнделікті мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылап отыр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #өзен #су тасқыны #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz