Қызылорда-Жезқазған жолының Ұлытау облысына қарасты бөлігінде құрылыс жұмыстары қарқын алды.
Жалпы ұзындығы 208 шақырым болатын жолды жөндеуге қазір төрт халықаралық компания тартылған. Былтыр топырақ жұмыстарының жартысы аяқталып, 50 шақырымға бір қабат асфальт төселді. Салаға жауапты мамандар жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
«Қызылорда-Жезқазған» күре жолы оңтүстік пен солтүстік өңірді жалғайтын ең төте жол. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған трасса ешқашан күрделі жөндеу көрмеген. Жолдың Қызылордаға қарасты бөлігі толық жаңғыртылса, Ұлытау облысына тиесілі 208 шақырымды реконструкциялау былтыр көктемде басталған. Қазір топырақ жұмыстарының шамамен 70 пайызы жасалды.
Нұрсұлтан Қадыров, "Қазавтожол" ҰК" АҚ ОФ бөлім басшысы:
- Қыс маусымында бізде жұмыстар тоқтаған жоқ. Қыс мезгілінде құрылыс материалдары дайындалды. Щебеннің 70 пайызы, темір-бетон бұйымдарының 100 пайызы, битумның 70 пайызы дайындалған. Қазір топырақты кептіру жұмыстары, жер жұмыстары, айналма жолдардың құрылыстары жүріп жатыр. Асфальт енді жақын арада басталады.
Жол құрылысына төрт халықаралық компания тартылған. Жобаның жалпы құны 108 млрд теңге. Жол бойында 4 көпір, 20-ға жуық мал өткелі, 78 суағар құбыр және бірнеше демалыс орны салынады. Жұмыс сапасын жол активтері сапасының ұлттық орталығы қадағалайды. Осыған дейін аталған мекеме мамандары 400-ден аса сынама алған.
Абылай Ертуғанов, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК ОФ инженері:
- Материалдың көбін осы облыстан алады мердігер компания. Әр материал келеді, біз сынама алып отырамыз әр материалдан. Барлық талаптарға сәйкес келеді материалдар.
Мамандардың айтуынша қазір бұл жолмен тәулігіне мыңға жуық көлік қатынайды. Жол құрылысы кезінде олардың іркіліссіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін айналма жолдар салынған. Құрылысқа 500 техника мен 600-ден астам адам тартылған. Алдағы күндері асфальт жамылғысын төсейтін жұмысшылар саны мыңға дейін артады.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Жаңғырту жұмыстарын басында 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Бірақ соңғы өткен Ұлттық құрылтайда Президент келер жылға қалдырмай, биыл жыл соңына дейін көлік қозғалысын ашуды тапсырды. Осыған байланысты сәуір айынан бастап мердігерлер екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшпек.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #Ұлытау облысы #жол құрылысы #Президент тапсырмасы #Ұлттық құрылтай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz