Ақтауда теңіз жаяу әскерлерінің ауқымды оқу-жаттығуы өтті.
Бұл дәстүрлі әскери жиын. Биылғы ерекшелігі - жауынгерлер әдеттегідей полигонда емес, пейтнбол алаңында шеберліктерін шыңдады.
Еліміздің теңіз жаяу әскерлері Ақтауда шоғырланған. Элиталық жасақ саналатын әскери құрылым әр кез жаттығу өткізіп, ұрысқа әзірлігін шыңдайды. Бұл жолғы жиында қала ішінде шайқасу тактикасы қолданылды. Сарбаздар шынайы атыс қаруының орнына көпшілікке таныс пейнтбол құралын пайдаланды. Оларға берілген жауынгерлік тапсырма ғимаратқа бекінген қарсыластың көзін барынша тез әрі дыбыссыз жою болды.
Ермұрат Жамболатов, пулеметші:
- Қаланың ішінде соғысудың ең қиындығы – ол халықтың қауіпсіздігін сақтау. Себебі мысалы кейбір қалада халық кетіп қалуға үлгермейді. Сол үшін біз осындай үлкен пейнтбол алаңын құрастырдық. Осының ішінде біздің сарбаздар жаттығады. Барлығын үйренеді.
Жаттығудың келесі кезеңі полигонда ұйымдастырылды. Сарбаздар граната атқыштан әртүрлі қашықтықта тұрған нысаналарды көздеді. Оларға іргелес алаңда бронды машина экипаждары кедергілерден жылдам өту, қатты жылдамдықпен жүру кезінде зеңбіректен оқ атудан шеберлігін байқатты. Т-72 маркалы танктер құм түстес бояумен сырланған. Ол дала жағдайында әскери техниканың көзге бірден түспеуіне көмектеседі.
Бексұлтан Алдаберген, №25744 Ә/Б танк батальонының командирі:
- Бұл жерде негізгі тақырыпқа өтпес бұрын жеке құрам, экипаждар дайындалады. Нормативтерді тапсырады. Жаңағы көргеніңіздей, кіріп шығулардың барлығы норматив болып есептеледі. Бұл баға көрсеткіштері уақытпен бағаланады. Біздің бригада жауынгерлік болғандықтан оқу полигонына жиі шығамыз.
Дәстүрлі әскери жиын соңында ерекше жайттың куәсі болдық. Қазақ армиясы тарихында алғаш рет 3 жастағы сәби әскери ант беріп, теңіз жаяу әскерінің амбассадоры атанды. Бек есімді бүлдіршін ер жеткен соң қара берет киген жауынгер болатынын айтып, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Ақтау #теңіз күштері #оқу жаттығу #24KZ #Таңдаулы #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz