RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында пияз өтпей тұр

28.03.2026, 19:55 46

Алматы облысындағы Шеңгелді алабында пияз өсірумен айналысатын шаруашылықтар былтыр жинаған мол өнімді өткізе алмай отыр. 

Олар қоймадағы пияздың әр келісін 30 теңгеден саудалауға мәжбүр. Бір айдың ішінде сатылмаса, пияз шіріп кетуі мүмкін. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Шеңгелді алабындағы шаруалар өткен жылы 257 гектар алқапқа пияз егіп, одан 16 мың тонна өнім алды. Соның 12 мың тоннасын күзде саудалап үлгерген. Қазір қоймаларда 4 мың тонна пияз сақтаулы тұр. Пияз өне бастады. Енді бірер күнде шіруі мүмкін.

Марат Төлеубеков өткен жылы 8 гектар жерге пияз егіп, гектарына 80 тоннадан өнім алған. Күзде 300 тоннасын сатып, қалғанын қоймаға сақтауға қойды. Қойманы жалға алады. Күзде пияздың әр келісін 60 теңгеден сатса, қазіргі баға 30 теңге. Соның өзінде пияз өтпей тұр.

Марат Төлеубеков, шаруа қожалығының басшысы:

- Өткізу өте қиын. Бұрынғыдай Ресейден келетін алушылар жоқ болып жатыр. Жергілікті базарда пияз өте көп болған соң алушы көп емес. Бұрын камазбен, вагонмен жіберетін едік, қазіргі уақытта газельдер алады.

Шеңгелді ауылының шаруалары биыл мал азықтық дақылдар мен бау-бақша өнімдерін өсіруге бет бұрмақшы. Өйткені қойманы жалға алып, шіріген пиязды шығару үшін де адам күші қажет.

Асқар Ибраимов, Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Сондықтан шаруа қожалықтары қазіргі таңда енді шетелдерден келетін сатып алушыларды күтіп отыр. Жалпы сортталған пиязды 30 теңгеден сатуға шаруа қожалықтары дайын. 3970 тоннаның қазір сұрыптаудан кейін шамамен 2500-2600 тоннасын сатуға мүмкіндік бар.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері шаруаларға Алматы қаласының іргесіндегі базарлардан тегін орын ұсынды. Кейбірі өз көлігіне тиеп апарып, пиязды сонда саудалап жатыр. Шаруалар Қонаев қалалық әкімдігінен пияз шіріп кеткен жағдайда қоймаларды босатуға көмектесуін сұрады. Қалалық ауыл шаруашылығы бөліміндегілер оларға барынша көмек көрсетілетінін жеткізді. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz