Жезқазған, Қаражал мен Сәтпаев қалаларында тұрғын үй инфрақұрылымы жаңғыртылатын болды.
Өткен ғасырда салынған апатты жағдайдағы үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтереді. Форум аясында оны жүзеге асыратын қытайлық компания өкілдерімен келісім жасалды.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
- Заманауи 7-9 қабатты тұрғын үйлер салынатын болады. 40-тан астам үй салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде осы айдан бастап 4-6 үй салынатын болады. Одан кейін осы жобалар өз тиімділігін көрсеткеннен кейін бұл жобалар жүзеге асырылатын болады.
Бұл қол жеткізілген бір ғана келісім. Бұдан бөлек, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, пайдалы қазбаларды терең өңдеу бағытында да келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Дастан Рыспеков инвесторлармен жеке-жеке кездесіп, аймақтың әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Форумда құны 12,5 миллиард теңге болатын 6 меморандумға қол қойылды.
Өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығында өтті. Оған Ұлытау аймағы мен қытайлық 100-ден астам компания өкілі қатысты. Жиында оларға бетпе-бет жүздесіп, тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік берілді.
Го Вэнь, Сиань технологиялық даму компаниясының жетекшісі:
- Ресми түрде ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдадық. Ұлытаудың инвестициялық әлеуетіне көзіміз жетті. Ең бастысы, жергілікті әкімдіктен қолдау бар. Біз инвестиция салуға дайынбыз. Бұл ынтымақтастыққа Ұлытау облысындағы қалалардың ескірген су жүйесін жаңғырту, 300 мегаваттық күн электр станциясын салу, сондай-ақ болашақта логистикалық хаб салу жөнінде келісімдер еніп отыр.
Сонымен қатар Жезқазғанда 500 басқа арналған сүт-тауарлы ферма салынады. Құны 3 миллиард теңгеге жуықтайтын жобаны ұлытаулық шаруа қытайлықтармен бірлесіп жүзеге асырады. Оған Ұлытау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы да қатысады. Бұл жергілікті нарықты табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталып отырған қадам.
Абай Байділдә, «Самға» ЖШС бас директоры:
- Қытайдың технологиялары, сүт фермалары дамыған. Автоматтандырылған жүйелері. Соларды біз өзімізде қолдансақ деп отырмыз. Бір жылдай технологиясын үйретеді. Жем-шөп дайындау, оны қалай беру керек, сүт өндіріп, сүт өнімдерін шығару – осының бәрінде бізбен бірге жүргізіп отырады.
Форум сауда мен экономиканы дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға жол ашып отыр. Іс-шара барысында G2B және B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасты.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #Қытай #инвесторлар #келісімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz