Қарағанды облысында электр желілерінің 68 пайызы тозған.
Өңірде бұл мәселені шешу үшін былтырдан бері елді мекендердің электр желілерін кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымен жиі апат болатын, кернеуі төмен ауылдарға басымдық берілген. Себебі кейбір елді мекендерде инфрақұрылымның әбден ескіргені сонша, аз ғана жел тұрса да жарық сөніп қалатын жағдайға жеткен. Мәселен, Қарағанды қаласының маңындағы Узенка кентінде электр желілерінің пайдаланылып келе жатқанына 50 жылдан асқан. Қазір мұнда толық жаңғырту жұмыстары басталды.
Юрий Метриченко осы елді мекенде бұрыннан тұрады. Зейнеткер мұндағы тоқ желілері өмірі ауыспаған,-дейді. Қысқа тұйықталулар жиі болып, жұрттың талай мәрте тұрмыстық техникасы күйіп кеткен. Юрий Метриченконың өзі де үйіне жаңа жылыту қазандығын сатып алған. Алайда оны іске қосу үшін кернеуі тұрақты электр энергиясы керек.
Юрий Метриченко, Узенка кентінің тұрғыны:
- Соңғы 4-5 жылда үйдегі тұрмыстық техникамыз екі рет жанып кетті. Тоқ кернеуі тұрақсыз. Сымдардың қысқа тұйықталуы жиі болады. Мен мұнда 1960 жылдан бері тұрамын. Бұл электр желілері сол кезден бар. Кернеу айырмашылығы өте үлкен. Қазір мен үйге тоқ тұрақтандырғыш орнатып қойдым. Биыл желілерді жаңалап жатыр. Енді бәрі жақсы болады деген үміттеміз.
Қазір кент ішіне жоғары вольтты кабельдік желілер салынып, жаңа трансформаторлық қосалқы станциялар орнатылды. Кешенді жаңғырту жұмысы аясында ескі бағандар мен сымдар да ауыстырылып жатыр. Осындай ауқымды жұмыс 20-ға жуық үлкен көшелер мен олардың қиылыстарына жүргізіледі, дейді мамандар.
Дмитрий Бутыгин, электр энергиясымен жабдықтаушы компанияның бөлім басшысы:
- Қазіргі уақытта үш жаңа трансформатор орнатылды, бұрыннан қолданыстағы бесеуіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса 6 киловольттық жоғары кернеулі кабельдің 6,5 шақырымнан астамы тартылды. Желілерге жақын ағаштардың бұтақтарын кесіп жатырмыз. Себебі олар өсіп кеткен. Жел тұрса сымдарды үзуі мүмкін.
Былтыр өңірде инвестициялық жобалар аясында 171 шақырым электр желісі жаңартылған. Биыл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша жауапты компаниялар 8 ірі жобаны жүзеге асырып, тағы 143 шақырым электр желісін жаңалауды жоспарлап отыр.
Әсем Алдабергенова, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Қарағанды облысында электр желілерінің ұзындығы 27 мың шақырым. Бүгінгі күні желіліердің 68% тозып тұр. Инвестициялық жобалар аясында энергетикалық компаниялар бұл көрсеткішті төмендетіп, желілерді жаңғырту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта тозу деңгейі 5%-ға төмендеді.
Өңірде электр желілерін жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл ақаулар санын қысқартуға және өңір тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды, кәсіпорындарды тұрақты түрде электр жарығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #электр желілері #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz