RU
Толық нұсқаға өту

Қостанайда тұрғын үй қорын жаңартудың жаңа механизмі дайындалды

30.03.2026, 07:57 46

Енді құрылыс компаниялары сүрілетін ескі үй тұрғындарын пәтермен қамтамасыз етуге міндетті. 

Есесіне инвестор босаған жер телімін өз мақсатына пайдаланады. Биыл Қостанайда апатты жағдайдағы екі көпқабатты үй осы бағдарламаға ілігіп отыр. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай қаласында 1400-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Оның басым бөлігі өткен ғасырдың екінші жартысында салынған. Азып-тозып тұрғандары да аз емес. Соңғы тексеріс қорытындысында 4 көпқабатты үй апатты жағдайда деп танылған. 

Оның екеуі Кочубей, екеуі Садовый көшесінде орналасқан. Былтыр екі қабатты ескі үйлердің бірінің төбесі опырылып түсіп, тұрғындарды дереу жалдамалы пәтерге көшіруге мәжбүр болған еді. Оның қасындағы үйдің де жағдайы оңып тұрған жоқ. 

Динара Сыздықова, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Үйдің ішіне қарасаңыз сызаттар  бар. Үйдің іргетасы отырып жатыр. Өткенде шатыр құлағаннан кейін біздің үйді алуға рұқсат беріпті, ал олар бізге өздерінің құрылып жатқан үйлерінен жаңа үй береміз деді. Яғни бізде мына жерде қанша шаршы метр болса, ана жақтан соншалықты үй береді.

Биыл жаңа баспанаға көшетіндеріне мұндағы тұрғындар дән риза. Ал осы үйлерге қызмет көрсететін тұрғын үй кооперативі басшысының қуанышы тіптен ерек. 

Кұмар Салкенов, тұрғын үй иелері кооперативінің басшысы:

– Бұл үйлердің әбден тозығы жеткен. Қанша жамасаң да болмайды. Бір жерін дұрыстасаң, тағы бір жері сыр беріп жатады. Ескінің аты ескі емес пе. Енді осыларды сүріп тастап, жаңасын салса, тамаша болады. 

Облыс орталығында апатты жағдайдағы төрт үйдің екеуі биыл сүріледі. Қалған екеуі келесі жылға қалдырылып отыр. 

Роман Гольштейн, Қостанай қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Кочубей көшесінідегі 11-ші үй бұзып, сүріп тастауға дайын тұр. Ондағы адамдар құрылыс компаниясының есебінен әзірге басқа жерде пәтер жалдап тұрып жатыр. Одан кейін қасындағы 9-шы үйге кезек келеді. Ал күзге таман осы екі үйдің тұрғындарына Жамбыл көшесінде салынып жатқан жаңа үйден пәтер беріледі. 

Реновация бағдарламасы бойынша ескі үйлердің орынына келер жылы қуатты инженерлік коммуникациясымен жаңа тұрғын үй кешені бой көтермек. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz