Қазір өңірде мүгедектігі бар 30 мыңға жуық адам тұрады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар былтыр инватакси қызметін 40 мың рет пайдаланған.
Дегенмен бұл мүмкіндікті барлығы бірдей пайдалана алмайды. Аудандарда мәселе қалай шешіледі?
Бірінші топтағы мүгедек Константин Нохрин – тағдырдың сынына сынбаған қайсар жан. Денсаулығына қарамастан еңбектен қол үзген емес. Ұсақ тұрмыстық техникаларды жөндейді. Бос уақытында пара үстел тенисімен айналысады. Константин сегіз жылдан бері инватакси қызметін пайдаланып жүр. Арнайы көлік оны қалаған жеріне апарып-әкеліп, өзінің сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді.
Константин Нохрин, қала тұрғыны:
- Инватаксиді күн сайын пайдаланамыз. Таңертең жұмысқа келіп, кешке үйге қайтамыз. Көтергіші де, пандусы да бар. Қозғалуға қолайлы. Осы арнайы көлік болмаса, жүріп-тұруымыз қиындап, тіпті үйде отырып қалар ма едік. Қарапайым көліктер бізді тасымалдауға арналмаған.
Қазір облыс орталығында бес инватакси қызмет көрсетеді. Әрбірі күніне он адамға дейін тасымалдайды.
Василий Шиманский, мердігер мекеме өкілі:
- Бүгінде 300 адам инватакси қызметіне тәуелді. Алайда көліктің жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр. Заңға сәйкес қазір мемлекет те тікелей қаржыландыра алмайды. Бұрын көліктерді арзан кезінде лизингке алып отырдық. Ал қазір сатып алу қиын. Өйткені инватакси әлеуметтік көлік тізіміне де кірмейді.
Инватакси қызметі өңірдегі үш қала мен төрт ауданда ғана қолжетімді. Онда мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асады. Жыл басында конкурс жарияланғанымен 13 ауданда тасымалдаушылар табылмаған.
Мақсат Темірболатов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әб басқармасының бөлім басшысы:
- Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 2026 жылы облыстық бюджеттен қалалар мен аудандарға 60 миллион теңге бөлінді. Алайда 3 қала мен 4 ауданда ғана қызмет көрсетіліп отыр. Енді 1 шілдеден бастап инватакси қызметінің шарттарын өзгерту жоспарланып отыр. Осылайша, әлеуметтік қызметтер порталына көшіріліп, тасымалдаушылар мәселесі шешілмек.
Мамандардың айтуынша, мүгедектігі бар тұрғындар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тасымалдау қызметін өзі таңдап, тапсырыс бере алады. «Бұл инваткаси қызметінің жандануына, әрі уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді», - дейді олар.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #инватакси #Мүгедектігі бар жандар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz