RU
Толық нұсқаға өту

Күйік асуындағы жол жаңғыртылды

30.03.2026, 08:28 86

Жамбыл облысында жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген Күйік асуында биыл жаңа жол пайдалануға беріледі. 

Халықаралық трассаны жаңғыртуға былтыр 6,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір шатқалдағы асуда жаңа жолмен қоса жылыту пунктері де салынып жатыр. 

Күйік асуы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының бойындағы маңызды жол бөлігінің бірі. Себебі Ресей, Қырғызстан мен Қытайдан шыққан жүк көліктерінің барлығы осы ескі асуымен өтеді. Шатқалдағы 12 шақырымдық жол 1970 жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өтпегендіктен, жолдың әбден тозығы жеткен. Соңғы уақытта жүргізушілердің де шағымы көбейе түсті.

Сәкен Мұратов, жүргізуші:

- Аз сома төлемейміз. Қазір Хоргостан келе жатырмын. Оралға Ресейдің шекарасына барғанша шамамен 100 мыңдай шығады. Бір көліктен. Ақшасын төлегеннен кейін дұрыс жол қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта жақсы болып қалды, жол қауіпсіз. 

Жылдар бойы жөндеусіз жатқан шатқалға былтыр қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір асфальт жабындысының екі қабаты төселген. Үшінші қабатын бір апта ішінде төсеу жоспарланып отыр. Осылайша, тас жолдың жалпы қалыңдығы 27 сантиметрге жетпек.

Джамаль Огулмущ, құрылыс алаңының басшысы:

- Су өткізетін 15 труба жұмысын жасадық. Қазір ол жұмыстар жүріп жатыр. Жолда 22 жүкті өздігінен түсіргіш көлік, 20 техника, 80 адамдай жұмыс істеп жатыр. 70 пайыздан көбі бітті. Осы жазда бітіреміз.

Қыстыгүні қалың қар жауса, Күйік асуы жиі жабылады. Сондықтан мұндағы жол пайдалану пункті де жаңғыртылып жатыр. Бекетте жылыту пункті, техникаға арналған тұрақ пен инертті материал сақтайтын қойма да болады. 

Біржан Әшіров, «ҚазАвтоЖол» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Жол пайдалану пунктінде жұмысшыларымыз сонымен қатар қыста керек инертті материалдар, тайғаққа қарсы материалдар және де техникаларымыз орналасады. Қаладан осы Күйікке дейін жоқ дегенде 30-40 шақырым. Одан техника келіп жүргеннен осы жерде дайын техникамен уақытылы шығып уақытылы қарын тазалап, уақытылы тайғаққа қарсы материал себу өте тиімді болады.

Жалпы 2026 жылы облыстағы жол саласына 21 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 жоба жүзеге асып, 179 шақырым жол жөнделеді. 

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz