Өзбекстанда 100 шақты ғана киік қалды. Бұл жергілікті экологтарды алаңдатып отыр.
Олардың айтуынша, осыдан 20-25 жыл бұрын түз тағысының саны 6 мыңға жететін. Енді даланың сәні өңірден ауып, қыста бұл жаққа оралмайтын болған. Бұған бірнеше себеп бар. Соның бірі ақбөкендер мекендейтін Қарақалпақстан аймағында су мәселесі өзекті. Сол себепті ғалымдар кеңес заманынан қалған ескі құдықтардың көзін ашып, қайта іске қосуды ойластырып отыр. Әзірге қолдан келері осы ғана.
Әлемдегі киіктердің 99 пайызы қашаннан қазақ жерін мекендейді. Киелі жануарлар – кең байтақ даланың еркелері. Кеңестер заманында ақ бөкендердің бір бөлігі күн суыта Өзбекстан аумағына өтіп жүріпті. Экологтар шекара сызығы бекітілгенен кейін бұл үрдіс тоқтағанын айтады.
Александр Казаков, Өзбекстан Экология және қоршаған орта министрлігі сыртқы саясат бөлімінің бас маманы:
- Шекара темір сыммен тартылды. Темір жол салынды. Содан кейін киіктердің көшіп жүру миграциясы бұзылды. Қазір бізде ақ бөкендерге арналған қорық бар. Аумағы 1 млн гектар жерді алып жатыр. Алайда киелі жануарлардың саны 100-дің ар жақ бер жағында қалды.
Киіктер ауа температурасы мен ылғалдыққа байланысты күніне 2 мен 4 литр аралығында су ішеді екен. Қыста қармен шөлін қандырады. Демек оларға 10 ай көлемінде су қажет. Ал Қарақалпақстан аумағында қазір тәршілік нәрі күрделі мәселеге айналған. Сондықтан зоологтар: «Ескі құдықтардың көзін ашып, киіктерді қолдан суару қажет», - деп отыр.
Александр Есипов, Өзбекстан зоология институтының ғылыми қызметкері:
- Қазір ол аймақта тұщы су жоқ. Арал теңізі де құрғап жатыр. Сарықамыс деген көлдің маңайын киіктерің мекеніне айналдыруға болады. Климаттың өзгеріп жатқаны жасырын емес. Мәселен, бір кездері Түрікменстан жерінде киік көп болған. Ал қазір қалмады.
Өзбекстанда осыдан 20 жыл бұрын 6 мыңға жуық ақбөкен тіркелген. 90- жылдары Қазақстанда киіктердің күрт азаю процесін өзбекстан тарапы біліп отырса да, оған аса мән бермепті. Мүйізін саудалаған браконьерлерге де ешкім тосқауыл қоймаған. Тек 2008 жылы ғана қызыл кітапқа енгізіп, қорғауға алған.
Тегтер #Өзбекстан #экологтар #киік #ақбөкен
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz